Димаш Құдайберген Сәкен Сейфуллиннің әніне түсірген бейнеклипін жарыққа шығарды (ВИДЕО)

/
Димаш Құдайберген Сәкен Сейфуллиннің әніне түсірген бейнеклипін жарыққа шығарды (ВИДЕО)

2025 жылдың 15 мамырында Димаш Құдайберген белгілі қазақ ақыны әрі жазушысы, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі Сәкен Сейфуллиннің әніне түсірілген жаңа бейнебаянның тұсауын кесті, деп хабарлады turkystan.kz.

Екі сағат бұрын жарияланған Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әніне түсірілген жаңа бейнебаян желі қолданушыларының ыстық ықыласына бөленіп үлгерді. Музыкалық фильм комедиялық жанрда түсірілген және заманауи сюжетке негізделген.

Клиптің режиссері – Ғалым Асылов, ал басты рөлді белгілі актриса әрі блогер Айым Сейтметова сомдаған. Ол бейнебаянға ата-анасымен бірге түскен, яғни Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Азат Сейтметов пен Данагүл Темірсултанова да жобаға атсалысқан.

Клиптің оқиғасы – қиял мен сатираға негізделген күлкілі түс көрінісіне құрылған. Режиссер мен шығармашылық топ Димашты ерекше қырынан көрсетуге тырысқан. «Бейнебаянда шынайы соққылар, заманауи визуалды тәсілдер мен күлкілі диалогтар бар. Бұл – әншінің тыңдарманымен жаңа қырынан байланыс орнатуы», – дейді режиссер.

Бейнебаянда фанаттық сезімдердің күлкілі әрі шынайы көрінісі ұсынылады. Айым Сейтметованың айтуынша, түсірілім сәттері ерекше көңілді өткен және Димаштың қарапайымдылығы мен әзілге жақындығы команданы бірден баурап алған.

«Бұл жоба – біздің отбасымыз үшін де тарихи сәт. Мұндай шығармашылық бірліктер сирек кездеседі», – дейді Айым.

 

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары