Өскемен қаласының соты лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды және алдын ала сөз байласу арқылы топ болып бопсалау қылмысын жасады деп айыпталған полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі жариялады.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2024 жылдың жазында айыпталушылар жәбірленушінің жеке өміріне қатысты кейбір мәліметтерді білген соң, одан материалдық пайда табу мақсатында қылмыстық сөз байласуға барған. Жәбірленуші – қоғамға танымал тұлға.
«Олар алдын ала ойластырған әрекетін жүзеге асырып, жәбірленушіден ақша талап еткен. Егер талап орындалмаса, қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып алынған бейнежазбаны жариялаймыз деп қоқан-лоқы көрсеткен», – делінген сот хабарламасында.
Жәбірленуші ШҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкеріне 3 миллион теңге берген.
Соттың мәліметінше, айыпталушылардың кінәсі жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен, әңгіме жазбаларымен, сараптама қорытындыларымен және жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен дәлелденген. Прокурор оларды бас бостандығынан айыруды сұрады. Айыпталушылар өз кінәсін мойындамай, ақтауды сұраған.
Сот ауырлататын жағдай ретінде олардың қабылдаған антты бұзғанын, ал жеңілдететін жағдай ретінде – кішкентай балаларының барын ескерді.
Сот үкімімен үш полицей де кінәлі деп танылды. Олардың бірі 6 жылға, қалған екеуі 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, үшеуі де мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.