Тәуелсіздік жылдарында 965 мың адам Алаш елінің азаматы атанды

Тәуелсіздік жылдарында 965 мың адам Алаш елінің азаматы атанды

Тәуелсіздік жылдарында 965 мың адам  Алаш елінің азаматы атанды
ашық дереккөзі
228
Бірнеше күн бұрын  Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндер қазақ тілі, Қазақстан мәдениеті мен тарихы, республика Атазаңы бойынша емтихан тапсыруы тиіс деген ұсынысын ортаға салған еді. Бұл ұсыныс қалың жұртшылықтың назарын бірден өзіне аударды. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл бастаманы іліп әкетіп, әлемдік тәжірибеден үлгі келтіріп, өз парақшаларында жаппай бөлісуде. Тәуелсіздік алған жылдардан бері бір миллионға жуық шетелдікке Қазақстан азаматтығы берілген. Нақтырақ айтсақ, 2016 жылға дейін 965 мың адам Қазақстан азаматы атанған. Олардың 800 мыңнан астамы – оралмандар. Басым көпшілігі Қытайдан, Өзбекстаннан және Моңғолиядан жер аударған қандастар. Бұл жұрттың этникалық қазақтар екені айдан анық, ендеше оларды сынақтың астына алып, қазақ тілін қаншалықты меңгергенін тексеру орынсыз болар еді. Дегенмен, азаматтықтан дәмелі өзге де жұрттың барлығын естен шығармаған жөн. «Елбасының бейбіт саясаты мен экономикалық реформалары арқасында Қазақстан жағдайы нашар елдер үшін тартымды болуы мүмкін. Осыны есепке алып, көші-қон жағдайының ушығуын күтпей, көші-қонды реттеу мен ұлттық бірлікті сақтау шараларын дайындау керек деп ойлаймыз. Ең алдымен «Азаматтық туралы» Заңға өзгеріс енгізіп, азаматтық алғысы келетіндер үшін Қазақстан Республикасының Конституциясын, мәдениеті мен тарихын, тілдік саясатын білу бойынша емтихан нормаларын жасау керек», – деді «Ақ Жол» партиясы атынан сұрау салған Азат Перуашев. Бұл – әлемдік тәжірибеде қалыптасқан талап. Басқа елдің азаматтығын алуға бел буғандардың алдынан шығатын міндетті сынақ. Азаматтыққа құқық алу үшін емтихан тапсыру (Citizenship немесе Naturalization Test) Австралия, Австрия, Германия, Канада, Нидерландтар, АҚШ, Израиль және Оңтүстік Корея сияқты көптеген елдерде қолданылады. Кейбір саясаттанушылар, қазақ тілі мен тарихынан сынақ алу ешбір кемсітуге жатпайтынын айтуда. Перуашевтің пікірінше, бұл ұсыныс ешқандай дискриминация емес, бірақ ізденушілердің жергілікті халық пен мемлекетті құрметтеуіне тура келеді: «Еуропа тәжірибесі көрсеткендей, жағдайы мүшкіл мемлекеттерден  қашып келетін адамның саны артып, миграциялық ағым апатты үрдіске айналды. Оларды қабылдайтын елдердің бюджетіне қосымша шығын келіп, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамтамасыз етуге жүк түсіп, жұмыссыздық артып, қылмыстық жағдай нашарлауда. Оның үстіне, өзге тілдегі, мәдениеттегі және этникалық құрамы жат елдерден мыңдаған мигранттардың бақылаусыз келуі – қабылдаушы елдердің ұлттық бірегейлікті сақтауына қауіп туғызады», – деп атап өтті депутат. Кейбір елдерде мигранттар да жергілікті елдің тарихы мен тілі бойынша емтихан тапсырады. Мысалы, Нидерландтар мен Ресейде. Азат Перуашевтің айтуынша, бұл жүйе жергілікті тұрғындар мен сырттан көшіп келгендердің арасында қақтығыс тудырмау үшін ауадай қажет нәрсе. Тілі мен діні бөлек мигранттардың көптеп келуі ұйып отырған елдің ұлттық бірлігіне сызат түсіруі мүмкін. Оған алдыңғы жылдары бүтін бір отбасының жұмыс мигрантының қолынан қаза тапқаны дәлел. Бейресми деректерге жүгінсек, Қазақстанда 500 мыңға тарта еңбек мигранты жұмыс істейді. Депутаттың ұсынысы бойынша, сынақ ақылы болуы шарт. Сонда бюджетке де салмақ түспейді. Жалпы, әлем елдерін былай қойғанда, бір ғана Құрама Штаттарға қоныс аударып, азаматтық алуға ұмтылушылар саны ұшан-теңіз. Солардың барлығы АҚШ тарихы мен мемлекеттік құрылымынан тест тапсырады, сұхбат кезінде бір-екі министрдің де есімін атауы тиіс. Жалпы, америкалық болудың жолдары қиын, сан түрлі сынақтан сүрінбей өтсең де, тез арада азаматтық берілмейді. Ал бізде ше? Бұл бастаманы қолдаушылар саны күннен күнге артып келеді. Саясаттанушы Айдос Сарым депутат көтерген бастаманы қолдайтынын жеткізді. «Заңға Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға қатысты нақты нормалар енгізілуі тиіс. Ал енді, Парламенттен немесе Ақорда жақтан қолдау жағына келсек, бұл түптің-түбінде қоғамдық талқыдан өтіп, реті келгенде ҚР Азаматтық туралы заңына енетін дүние. Бұл қазіргі заңда жоқ бап болғандықтан, оны әлі пысықтап, әзірлеу керек. Сондықтан, қоғамдық талқы қазірден басталуы керек деп ойлаймын», – деді ол. Көпшіліктің көкейіндегіні дөп басқан сауалға Әділет министрлігінің ресми өкілі Олжас Рамазанов жауап берді. «Бұл өте қызық ұсыныс. Көптеген мемлекеттердің тәжірибесінде бар нәрсе. Бірақ бізге оны әлі таразылап, оң мен теріс тұстарын анықтап алған жөн. Әзірге қандай да бір нәтижелер мен бұған қатысты Әділет министрлігінің ресми ұстанымы туралы айтуға ерте», – деп қысқа қайырды ол. Азаматтық алудың жолдарымен қатар, азаматтықтан айрылудың да жолдары қарастырылуда. Мәселен, заңға енгізілетін жаңа өзгерістер бойынша лаңкестік қылмыс жасағандар бас бостандығымен қатар азаматтығынан да айрылады. Мысалы, лаңкестік актінің 15 түрі бойынша бас бостандығынан және азаматтығынан айыру көзделіп отыр. Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина баспасөзге біршама түсінік берген еді. «Қазақстанның маңызды мүдделеріне қайшы ауыр қылмыс жасалса, соттың шешімімен азаматығынан айыру жүзеге асады. Қазір Қылмыстық кодексте мұндай ұғым жоқ. Сондықтан біз бұл ұғымға атау беріп, пысықтап, қылмысқа жататын түрлерін анықтап, ұсынуымыз қажет. Осы міндеттерді ескере отырып, Қазақстанның маңызды мүдделеріне қайшы ауыр қылмыстың 15 түрін қостық. Олар 15 бап бойынша қарастырылады, яғни террорлық қылмыстың нақты түрлері қарастырылады. Қазірше бұл жоба талқылануда, мүмкін он бестен кеміп қалар немесе ұлғаюы да мүмкін. Мәселен, терроризмді жоспарлау, дайындық пен қырғиқабақ соғыс жүргізу бойынша басқа да санкциялармен бірге азаматтықтан айыру қарастырылады. Жалпы айтқанда, азаматтықтан айыру қосымша жаза ретінде енгізілмек», – деді ол.    

Серіктес жаңалықтары