«Денесі тістелген, тырнағы жұлынған»: Ақнәрдің анасы шындықтың ашылуын талап етіп отыр

/
«Денесі тістелген, тырнағы жұлынған»: Ақнәрдің анасы шындықтың ашылуын талап етіп отыр
Сурет: stan.kz

Алматыда жұмбақ жағдайда қаза тапқан бойжеткеннің анасы шындықтың ашылуын талап етуде, деп хабарлады turkystan.kz Информбюраға сілттеме жасап.

2023 жылдың шілдесінде Алматы қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдің жетінші қабатынан құлап, 22 жасында көз жұмған Ақнәр Гүлстанның өліміне қатысты іс қоғамда резонанс тудырды. Қайғылы жағдайдан кейін бір жылдан асса да, марқұмның анасы тергеудің әділ жүргізілмегенін айтып, жұртшылыққа үндеу жасады.

Гүлстан Қамитова қызын өз еркімен секірді деген нұсқамен келіспейді. Оның айтуынша, Ақнәр сол түні өзге екі қызбен бірге болған, алайда телефон арқылы байланысқа шыққан кезде бөтен адам тұтқаны көтеріп, қызымен сөйлестірмеген. Осыдан соң Ақнәрдің әпкесіне күмән тудыратын дауыстық хабарлама жеткен: «Қызды тұншықтырып өлтіріп жатыр» деген сөздер жазылған аудио.

Сол түні болған оқиғаның айғағы ретінде анасы келтірген жайттар шошынтарлық. Ақнәрдің денесінде тістеген іздер, сынған қол, жұлынып қалған тырнақтар мен саусақтар байқалған. Алайда ресми сот-медициналық сараптама тек құлақ маңындағы сызатты ғана тіркеген. Қыздың телефоны отбасына қайтарылғаннан кейін, анасы ішінен азаптау көріністері түсірілген видео тапқан.

Гүлстан Қамитованың айтуынша, сол түні Ақнәрмен бірге болған екі бойжеткеннің бірі — Қытай азаматы, екіншісі — Қазақстан азаматтығын алған. Соған қарамастан, олар оқиғадан кейін еш кедергісіз елден шығып жүрген.

Марқұмның жақындары бұл істің «Адам өлтіру» және «Азаптау» баптары бойынша қайта қаралуын талап етіп отыр. Адвокат Инга Иманбай да тергеудің әділетсіздігін айтып, қолда бар дәлелдердің қылмыстың ізін айқын көрсететінін мәлімдеді.

Алматы қалалық Полиция департаменті тергеу ісі әлі де жалғасып жатқанын, істің бақылауда екенін хабарлады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары