Ақтөбеде полицейлерге қатысты оқиға: марқұмды танымай, үй-күйсіз ретінде жерлегені үшін сот моральдық өтемақы төлеуді міндеттеді, деп хабарлады turkystan.kz stan.kz-ке сілтеме жасап.
Ақтөбе қаласында қайтыс болған ер адамның денесін полицейлер туыстарына ескертпестен үш айға жуық мәйітханада ұстап, кейін оны танылмаған адам ретінде үй-күйсіздерге арналған зиратқа жерлеген. Бұл жағдайдан кейін марқұмның туыстары құқық қорғау органдарын сотқа беріп, моральдық зиянды өтеуді талап етті.
Сот ісі барысында белгілі болғандай, 51 жастағы Аман Жақаев 2024 жылдың 26 маусымында суға батып, қаза тапқан. Алайда полиция өкілдері оның жеке басын анықтап, туыстарының мекенжайын біле тұра ешқандай хабар бермеген. Салдарынан жақындары марқұмды тек бірнеше айдан кейін ғана беймәлім адамдар жерленетін зираттан тапқан.
Жақаевтың туыстары ішкі істер органдары өкілдерінің әрекетсіздігін негізге ала отырып, сотқа арызданған. Олар қаза туралы дер кезінде хабарланбағанын, дененің ұзақ уақыт бойы мәйітханада жатқанын және туған-туысқандарының марқұмды соңғы сапарға шығарып салу мүмкіндігінен айырылғанын атап өтті. Арызда әр талапкер үшін 2 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы сұралды.
Сот тергеуінде полиция қызметкерлерінің туыстарға ешқандай ескерту жасамағаны және қажетті шараларды қабылдамағаны анықталды. Бұл жағдайға байланысты екі тәртіп сақшысы қызметінен босатылды. Прокурор да полицияның әрекетін заңға қайшы деп бағалап, моральдық зиянды өтеуді ұсынды.
Нәтижесінде, сот талапкерлердің уәждерін негізді деп танып, Ақтөбе облыстық полиция департаментінен екі азаматтың пайдасына әрқайсысына 300 мың теңгеден өндіру туралы шешім шығарды.