Мемлекеттік қызметкерлерге ЖИ қолдануға тыйым салынды

/
Мемлекеттік қызметкерлерге ЖИ қолдануға тыйым салынды
Ашық дереккөзден

Қазақстанда танымал ChatGPT нейрожелісін бәрі бірдей пайдалана алмайтын болды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Қаныш Төлеушин мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz.

Бұл жайында tengrinews.kz жазған еді. Мәжіліс кулуарында сөйлеген Қаныш Төлеушиннің айтуынша, цифрландыру министрі мемлекеттік қызметшілерге ChatGPT-ті қызметтік мақсатта қолдануға тыйым салатын бұйрыққа қол қойған.

Мұндай шешім деректердің сыртқа шығып кетуінің алдын алу үшін қабылданған. Оның орнына мемлекеттік қызметшілерге Назарбаев университеті базасында жасалған қазақстандық нейрожеліні қолдану ұсынылған.

«Егер біреу тілдік модельді жұмыс тиімділігін арттыру үшін қолданғысы келсе, онда біздің ғалымдар әзірлеген балама шешім бар. Біздің үлкен тілдік моделіміз жабық жүйеде, өз серверлерімізде орналасқан», – деп түсіндірді Қаныш Төлеушин.

Сонымен қатар ол қандай да бір жұмыстың нақты қай нейрожелі арқылы орындалғанын анықтау әзірге мүмкін емес екенін мойындады. Ал қазақстандық балама нейрожеліні әзірлеуді Төлеушин еліміз ішіндегі «құзыреттерді дамыту» үшін қажет деп атады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары