"Көз жасын әрең іркіді": Ұлыбританияда 40 жыл түрмеде отырған ер адам ақталып шықты

/
"Көз жасын әрең іркіді": Ұлыбританияда 40 жыл түрмеде отырған ер адам ақталып шықты
сурет: www.thesun.co.uk and SWNS

Ұлыбританияда 38 жыл бұрын сотталған Питер Салливан толық ақталып шықты. Апелляциялық сот 68 жастағы ер адамның 1987 жылы жасады деп айыпталған кісі өлтіру ісі бойынша кінәсіз екенін мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz The Guardian-ға сілтеме жасап.

1987 жылы Салливан Мерсисайдте 21 жастағы гүл сатушы Диана Синдаллды зорлап, өлтірді деген айыппен сотталған. Айыптау тарапы Салливан ішімдік ішіп алып, қолына темір құрал алып, түнде жұмыстан үйіне қайтып бара жатқан қызға шабуыл жасаған деп мәлімдеген. Алайда Салливан осы жылдардың бәрінде өз кінәсіздігін айтып келген. Оның қорғаушылары екі рет үкімнің күшін жоюға тырысты.

Бұрылыс нүктесі – Қылмыстық істерді қайта қарау жөніндегі комиссия (CCRC) тапсырған жаңа ДНҚ сараптамасы болды. Сараптама қылмыс орнындағы генетикалық іздер Салливанға емес, басқа бір ер адамға тиесілі екенін көрсетті. Ол адамның кім екені әлі анықталған жоқ. Прокуратура өкілі мұндай дәлелдер 1987 жылы болғанда, істің мүлде басқа бағытта өрбитінін мойындады.

Судья Холройд жаңа дәлелдер аясында үкімді негізсіз деп тапты. Салливан үкімді тікелей эфир арқылы түрмеден көріп отырғанда көз жасын әрең іркіді.

Мерсисайд полициясы 2023 жылдан бері 260-тан астам ер адамды тексергенімен, ДНҚ қалдырған қылмыскердің кім екенін әлі анықтай алмады. Аға детектив Карен Джондрилл қылмыскерді табу үшін Ұлттық қылмысқа қарсы агенттікпен жұмыс жалғасатынын айтты.

Бұл іс Ұлыбритания тарихындағы ең ұзаққа созылған сот қателігі болып саналып отыр. Құқық қорғаушылар бұл жағдайды Эндрю Малкинсон мен Виктор Нилонның істерімен салыстырып, ДНҚ технологиясының әділеттілікті қалпына келтірудегі маңызын атап өтті. Тергеу жетекшісі Джеймс Берли апелляциялық жүйеге реформа қажет екенін жеткізді:

«Питер Салливанның 40 жылға жуық кінәсіз түрмеде отырып, бүгін ақталуы қазіргі апелляциялық жүйенің сот қателіктерін жылдам анықтап, түзете алмайтынын тағы бір рет дәлелдеді», – деді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары