Әлемдік сахналарда өнер көрсететін қобызшы Олжас Құрманбек Қызылкүп шатқалында әйгілі композитор Ханс Циммердің «Кариб теңізінің қарақшылары» атты шығармасын қобызбен орындап, ерекше бейнежоба ұсынды, деп хабарлады turkystan.kz.
Жалпы мақсатым — қазақтың ұлттық аспабының ерекшелігін, мелодиялық, техникалық мүмкіндігін паш ету. Әлемдік музыканың көркем кеңістігіне кіріктіріп, шетелдік әуен иірімдерімен үндестіре отырып, ұлттық аспаптың тереңдігін халықаралық аудиторияға жеткізгім келеді, – дейді Олжас Құрманбек.
Олжас Құрманбек үшін жасампаз жоба музыкалық тәжірибе ғана емес, мәдени миссия ретінде ерекше маңызға ие. Түсірілім орны ретінде Қызылкүп шатқалының таңдалуы да кездейсоқ емес. Музыканттың айтуынша, Маңғыстау – көздің жауын алатын көрікті жерлерімен, тұмса табиғатымен шабыт сыйлайтын аймақ. Танымал өнерпаз қобыз күйін төгілтіп, еліміздің көркем табиғатын да әлемге паш етуді мақсат еткен.
Олжас Құрманбектің өнері — ұлттық дәстүр мен жаңа заман музыкасының әдемі үндестігі. Оның әр жобасы тыңдарманға жаңа тыныс, қобызға жаңа қыр сыйлайды