Қызылордада «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы аясында Арал ауданында құны 3 млрд 140 млн теңге, ұзындығы 940 метр болатын жаңа аспалы көпір пайдалануға берілді, деп хабарлады turkystan.kz.
Көпірдің ашылуына аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев, өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев қатысты.
Бұл – аралдық ағайынның көптен күткен арманы. Бұрын пойыз өткенде теміржолдың екі бетіндегі көліктер кептелісте сағаттап күтетін. Жергілікті тұрғындардың ұзақ жылдан бері қордаланған басты мәселесінің оң шешім табуы – біз үшін үлкен жетістік әрі мақтаныш. Аспалы көпірге жаяу жүргіншілер жолы, түнгі жарықшамдар орнатылды.
Жаңа көпір – Аралдың болашағына жол ашатын, ел игілігіне қызмет ететін алтын көпірге айналсын», - деді аралдықтарды көпірдің ашылуымен құттықтаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Cалтанатты шарада Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов құттықтау сөз сөйлеп, мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов батасын берді. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, аспалы көпірді салған мердігер мекеме қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Жалпы ауданда партияның сайлауалды бағдарламасы аясында 80 шақырым ауыз су желісі жаңартылып, халықтың 96 пайызы таза ауыз сумен қамтылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2 мектеп бой көтерді. 3 амбулатория, «Сексеуіл» кентінде 40 төсектік аурухана ашылды. Сонымен қатар, тұрғындардың 71 пайызы «көгілдір отынның» игілігін көруде.