Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы 2025 жылғы әлем чемпионаты элиталық дивизионындағы екінші ойынын бүгін Германияға қарсы өткізді.
Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы В тобында ойнайды.
Қарсыластары — Финляндия, Чехия, АҚШ, Германия, Дания, Норвегия және Мажарстан. Ойындар Данияның Хернинг қаласында өтіп жатыр.
Екі құрама бұған дейін бес мәрте шеберлік байқасты. Оның біреуінде қазақстандық хоккейшілер жеңіске жетсе, қалғанында қарсыласына есе жіберді.
Бірінші кезеңде қазақстандық хоккейшілер алғашқы болып есеп ашты. Шабуылшы Никита Михайлис 3-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Ал 13-минутта Максимилиан Кастнер таразы басын теңестірсе, Войцех Стаховяк 34-минутта Германияны алға шығарды. Одан кейін Лукас Райхель 41, Лукас Кельбле 45-минутта басымдықты арттыра түсті.
Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласына 1:4 есебімен есе жіберді.
Тағы бір ойында А тобында Канада құрамасы Латвияны 7:1 есебімен жеңді.
Енді қазақстандық хоккейшілер 13 мамырда сағат 23:20–да Мажарстан құрамасымен кездессе, Германия келесі ойынын сол күні Норвегияға қарсы өткізеді.