18 жастағы қазақстандық шахматшы Азия чемпионатында жеңіске жетті

/
18 жастағы қазақстандық шахматшы Азия чемпионатында жеңіске жетті
istockphoto

18 жастағы қазақстандық шахматшы Алуа Нұрман блиц-шахматтан Азия чемпионы атанды. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Турнир Біріккен Араб Әмірліктерінің Әл-Айн қаласында өтіп, құрлықтың үздік шахматшыларын жинады. Нұрман әйелдер арасындағы есепте бірінші орынды иеленіп, қосымша көрсеткіштер бойынша басты фаворит – Валентина Гунинаны басып озды.

Блиц жарысы швейцариялық жүйе бойынша өтті. Қатысушылар 3+2 уақыт бақылауымен, әр партияға үш минут және әр жүріске екі секунд қосымша уақытпен 9 тур ойнады.

Қатысушылардың ішінде ең тәжірибелі және атақты шахматшылар ресейлік спортшылар болды. Катерина Лагно – блицтен үш дүркін әлем чемпионы әрі екі мәрте қола жүлдегер. Валентина Гунина – екі мәрте әлем чемпионы, сондай-ақ күміс және қола жүлделер иегері. Алуа Нұрман бастапқы тізімде 11-орында тұрған және басты фавориттер қатарында болмаған еді.

Турнир қорытындысы бойынша екі шахматшы – Гунина мен Нұрман 7½ ұпай жинады. Чемпионды қосымша көрсеткіш – қарсыластардың орташа рейтингі анықтады. Алуаның көрсеткіші – 2237 болса, ал Гунинаныкі – 2231. Осылайша бірінші орынды қазақстандық шахматшы иеленді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары