Петропавлда «AMANAT» партиясының мүшелері Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батырлардың рухына тағзым етті. Эвакуациялық госпитальдарда қайтыс болған майдангерлерге арналған ескерткішке гүл шоғын қою рәсімі өтті. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған акция еңбек ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін, интернационалист жауынгерлерді, жастар қауымы мен студенттерді біріктірді, деп хабарлады turkystan.kz.
Жиналғандар батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Қазақстан халқы үшін бұл мереке – майдангерлердің ерен ерлігіне деген айрықша алғыс пен зор мақтаныштың символы.
Акцияның ашылу салтанатына «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов қатысты. Ол өз сөзінде Қазақстан Жеңіс күнін жақындатуға өлшеусіз үлес қосқанын еске салды.
«Халқымыз майдан даласында ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, тылда жан аямай еңбек етті. Қазақстандағы 1,2 миллионнан астам адам соғысқа аттанды. Олардың жартысына жуығы туған топырағына қайтып оралмады. Біз оларды мәңгі есте сақтауға тиіспіз. Себебі ерлік туралы естелік ұрпақты ұйыстырады және тарлан тарихымызбен байланысымызды нығайта түседі», – деді ол.
Жеңіс Асанов партияластардың волонтерлік бастамасына да тоқталды. Жеңіс күні қарсаңында «AMANAT» партиясының және «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері «Таза бейсенбі» акциясы аясында жергілікті көне зират аумағындағы ескерткіштерді ретке келтіріп, күл-қоқыстан тазалады.
Іс-шараға қатысқан Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев ұрпақ сабақтастығы мен отаншылдық рухтың маңызына тоқталды.
«Ерен ерлігі еркіндік пен тыныштық сыйлаған батырларды мәңгі ұмытпауға тиіспіз. Қазақстан Ұлы Жеңістің сенімді тылы болды. Соғыс шындығын есте сақтау және өскелең ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет. Біз – Ұлы Жеңістің лайықты мұрагеріміз», – деді ол.
Іс-шарада еңбек ардагері Мұхамедияр Шаяхиннің сөзі жиналған көпшілікті ерекше толқытты.
«Майдан даласынан оралған әкемнің әсерлі әңгімелері жадымда жаңғырып тұр. Ол әрқашан: «Ең бастысы – майдангерлерді мәңгі есте сақтау» дейтін. Біз оларды ұмытпайтын болсақ, олар жүрегімізде мәңгі өмір сүреді. Естеріңде болсын: сендер – батырлардың ұрпағысыңдар», – деді ол жастар қауымына қарата айтқан сөзінде.
Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Леонтьев эвакуациялық госпитальдарда көз жұмған Кеңес Армиясы жауынгерлеріне арналған ескерткішті қалпына келтіру жұмысын ұйымдастырды. Ескерткіштің тұғыры жөнделіп, сылақ жұмысы жүргізілді, қоршаулар қалпына келтірілді. Сонымен қатар ескерткіш аумағы тазаланды: қоқыс шығарылып, арамшөптер жұлынып, бұта-қараған шабылды.
Еске сала кетейік, бір ай бұрын «AMANAT» партиясы Ұлы Отан соғысының батырларына арналған ескерткіштерді, мемориалдық кешендерді және өзге де орындарды абаттандыру бойынша ауқымды республикалық акцияны қолға алды. Бұл бастаманы Павлодар облысындағы партияластар көтерді: облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Александр Терентьев өз қаражаты есебінен Ақтоғай ауданындағы ескерткішті жөндеп, оның айналасындағы аумақты ретке келтірді.