Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.
«Құрметті отандастар! Сіздерді Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – мәні терең, маңызы зор мереке. Кең байтақ елімізді, қасиетті жерімізді қорғайтын Қарулы Күштеріміздің құрылған күні.
Мемлекетіміздің елдік дәстүрі дәріптелетін, айбынды армиямыздың алапат қуаты айғақталатын, азаматтарымыздың Отанға адал қызметі айшықталатын сәт. Сондықтан да еліміздің әрбір азаматы үшін бұл күннің берер тағлымы ерекше.
Еліміздің тұтастығы мен тұрақтылығын сақтау, жеріміздің бүтіндігі мен шекарамыздың беріктігін күзету, Отанымыздың гүлденуі мен өркендеуіне аянбай атсалысу – қастерлі борышымыз. Әлемдік геосаяси ахуал күрделеніп, түбірлі өзгерістер жүріп жатқан қазіргі жаһандық жағдайда мұның өзектілігі тіпті артып отыр.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту және әскери қызметкерлерді қолдау қашанда мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін әрдайым айтып, тұрақты назарында ұстап келеді.
Осы жолда баршаңызға мықты денсаулық, қажымас қайрат пен мұқалмас жігер тілеймін! Еліміздің айбыны асқақ, болашағы жарқын болсын!», – деді ол.