Мәжіліс төрағасы Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысымен кездесті

Мәжіліс төрағасы Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысымен кездесті

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстанда мемлекеттік сапармен жүрген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламмен кездесті.

Ерлан Қошанов Вьетнам Социалистік Республикасының Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысымен әңгімелесу барысында Вьетнам Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Қазақстанның маңызды әріптесі екенін атап өтті.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы тамызда Вьетнамға жасаған ресми сапары екі ел арасындағы ынтымақтастыққа ерекше серпін берді. Сіздің Қазақстанға жасаған қарымта мемлекеттік сапарыңыз екіжақты қарым-қатынасымыздың тарихындағы жаңа кезеңнің бастауына – стратегиялық әріптестіктің маңызды белесіне айналуда. Бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен келелі келіссөз өткіздіңіздер. Үкіметаралық маңызды құжаттарға қол қойылды. Бұл өзара ықпалдастықтың рухы мен мазмұнына толық сай келеді, – деді Мәжіліс төрағасы.

Мәжіліс спикері То Ламды Қазақстан Президентінің қолынан алған жоғары марапат – І дәрежелі «Достық» орденімен құттықтады.

Ерлан Қошанов Мəжілістің Вьетнам Ұлттық жиналысымен ынтымақтастықты одан əрі тереңдетуге және кеңейтуге қызығушылық танытып, Вьетнам мен Қазақстан депутаттары арасында бейінді комитеттер мен достық топтары деңгейінде тұрақты кездесулер өткізудің, өзара сапар алмасудың оң тәжірибесі қалыптасқанын атап өтті.

Мәртебелі мейманға Мемлекет басшысы реформаларының жүзеге асырылу барысы мен көппартиялы Парламенттің заң шығару жұмысы жайлы мәлімет берілді.

Өз кезегінде Вьетнам Коммунистік партиясының Бас хатшысы екі ел арасындағы жан-жақты байланыстарды нығайту, соның ішінде парламенттік дипломатия, сауда-экономика және мәдени-гуманитарлық салада, сондай-ақ партия бағыты бойынша да дамыту қажеттігіне назар аударды.

Кездесу барысында тараптар АМАNАТ партиясы мен Вьетнам Коммунистік партиясы арасында берік әріптестік байланыс орнағанын атап өтіп, екі саяси ұйымның ынтымақтастығын одан әрі кеңейту мәселесіне ерекше мән берді. Бұл ретте қос партияны біріктіретін ортақ мақсаттар бар. Ол – мемлекеттілікті нығайту, демократия, әлеуметтік әріптестік пен келісім қағидаттарына негізделген еркін әрі ашық қоғам құру.

Тараптар екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты тереңдету, заң шығару бағытында тәжірибе алмасу, сондай-ақ туризм, көлік, сауда, ауыл шаруашылығы, өндіріс және басқа да салалар бойынша екіжақты қатынастарды дамытуға заңнамалық қолдау көрсету жөнінде келісті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары