Елімізде 232 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр

/
Елімізде 232 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр
istockphoto

2025 жылдың басынан бері елімізде мектепке дейінгі, орта, арнайы, инклюзивті және қосымша білім беру салаларында 150-ге жуық жаңа нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды Turkystan.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, тек мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу жүйесінде соңғы төрт айда 126 ұйым пайдалануға беріліп, шамамен 8,5 мың жаңа орын ашылды. Ал балабақшаға бармайтын балалардың ата-аналарына арналған кеңес беру пункттерінің саны 4 100-ге жетті. Мұнда ата-аналарға баланы үй жағдайында тәрбиелеу және дамыту бойынша әдістемелік көмек көрсетіледі.

"Бүгінде өңірлерде 267 мың оқушы орнына арналған 232 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында жаңа форматтағы үш мектеп ашылды. 23 мектепте реновация жұмыстары басталды. Бұл жұмыстарға ғимарат қасбеттерін жаңарту, шатырлар мен терезелерді ауыстыру, су және электр жүйелерін жаңғырту, сондай-ақ мектеп аумағын абаттандыру кіреді", - деп жазылған хабарламада.

Жалпы, 2027 жылдың соңына дейін ұлттық реновация бағдарламасы аясында 1 231 мектеп жаңартылады деп жоспарлануда.

Инклюзивті және арнайы білім беру саласында үш жаңа мекеме ашылды. Соның ішінде Ұлытау облысындағы аутизм орталығының іске қосылуына байланысты арнайы мекемелер саны 496-дан 504-ке жетті. Сонымен қатар жалпы білім беретін мектептер жанынан ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 121 қолдау кабинеті ашылды. Қазіргі таңда еліміздегі мектептердің 90 пайызы инклюзивті білім беруге қажетті жағдайлармен жабдықталған.

Ірі жобалар қатарында – Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларында ашылған алты қосымша білім беру нысаны бар. Ал маусым айында Ақтөбе және Жетісу облыстарында екі заманауи балаларды сауықтыру орталығы іске қосылады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары