Қаскелеңде жасөспірім қыздардың төбелескен видеосы тарады

/
Қаскелеңде жасөспірім қыздардың төбелескен видеосы тарады
Polisia.kz

Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласындағы колледждердің бірінде оқитын бірнеше қыз топ қатарласын ұрып-соққан туралы видео желіде таралды, деп хабарлады turkystan.kz.

Бейнежазба Instagram желісіндегі egovpress парақшасында жарияланды.

«Оқырманымыз бізге видео жіберіп, Қаскелеңдегі кәсіптік-техникалық колледж студенттері өз қатарласын аяусыз ұрғаны туралы мәлім етті. Алматы облыстық полиция департаментінен осы ақпаратты тексеруді сұраймыз», - делінген видео сипаттамасында.

Артынша облыстық ПД аталған бейнежазбаға қатысты түсінік беріп, оқиғаны растады.

«Қарасай ауданының полицейлері көп кешікпей білім беру мекемесінің бірінде 24 сәуірде болған оқиғаға қатысқандардың бәрін анықтады.

Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеудегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Жасөспірімдерге профилактикалық шара қабылданып, заңға қайшы әрекеттердің салдары түсіндірілді», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ Ішкі істер органдары білім беру ұйымдарында құқық тәртібін қамтамасыз ету бойынша кешенді іс-шара қабылдауды жалғастыратынын мәлімдеді. Елде кәмелетке толмағандар арасындағы заңға қайшы әр фактінің қатаң түрде алды алынып, кінәлілер заңмен белгіленген жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары