"Саған опера керек пе, әлде бала керек пе?": Майра Мұхамедқызы 20 жыл күткен сәбиін көтерген кездегі қиындықтар туралы

"Саған опера керек пе, әлде бала керек пе?": Майра Мұхамедқызы 20 жыл күткен сәбиін көтерген кездегі қиындықтар туралы

Танымал опера әншісі, Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызы 20 жыл аңсап күткен сәбиін көтерген кездегі қиындықтар туралы айтты. Бұл туралы ол Хабар арнасынан шығатын "Алғашқы" бағдарламасында баяндады.

"20 жыл операның қызығы мен шыжығына батып жүріп, біз де ел қатарлы балалы болайық дегенде бір келісімшарт түсті. Содан ұйқы кетті. Жолдасым "Сенің операңды орындатқызбасам, мен кінәлі секілдімін. Бара ғой. Операңды айтып кел", – деді. Сөйтіп бір кеткенде жарты жыл, үш ай уақытым кетеді. Сөйтіп жүргенде қарасам жасым 40-қа келген. Анам бірде шақырып алып "Болды ғой. Пойыз кетіп бара жатыр. Сен осылай жүресің бе? Қалай баласыз өмір сүресің, балам? Әлі, әлі деп біз де алты баланы жеткіздік қой. Өмір тек сахна, өнер емес, ертең сен де қартаясың. Басың ауырып, балтырың сыздайды. Сол кезде саған балаң шай әкеп бермей ме?", – деп жақсылап тұрып айтты. Осыдан соң өзім де ойланып қалдым. Келгеннен соң дәрігерге жүгірдік. Мен Салтанат Байқошқароваға үлкен алғысымды айтамын. Көтерген соң отбасымдағылар "Баласы түсіп қалмасын", әсіресе, ата-анам "Майраға сөйлемеңдер, ренжіп қалмасын. Аман-есен босанып алсын", – деп қатты қарады. Төрт ай болғанда мен армандап жүрген екі театр – әйгілі Метрополитен пен Ковент-Гарденнен екі үлкен келісімшарт келіп түсті. Мұны ойлап түнімен әбіржіп кеттім. "Сонша айтып жүріп, қолым жетті дегенде денеме бала бітіп, қайтемін? Барайын ба, бармайын ба? Не істейін?", – деп қатты ойландым. Таңертең қарасам, қан кетіп жатыр. Жедел жәрдем көлігін шақырып, жыладым. Сол кезде анам ұрысып, "Бұл – Алланың берген сынағы. Саған бала керек пе, әлде опера керек пе? Сені сынап тұр, балам. Балаңды туып алсаң да, опеарыңды айта бересің ғой", – деді. Сол кезде қолымды жайып, қатты жылағаным бар. "Мен опера да айтпай кетейін, осы баланы дүниеге аман-есен әкеліп алайыншы" деп жалбарындым. Ауруханаға барып тексерілгенде баланың жүрек қағысы естілмейді. Сол кезде креслоны ұстап алып қатты жыладым. "Операң да керек емес. Ештеңең де керек емес. Осы баланы берші" дедім. Бір кезде баланың жүрек қағысын естіп, талып қала жаздадым. Сонымен дәрігерлер "Болды, ештеңені ойламаңыз. Бала керек пе, осында жатыңыз", – деді. Сөйтіп 42 жасымда көтеріп, 43 жасымда қызымды тудым", – дейді әнші.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары