Шымкент қалалық перинаталды орталығында салмағы бар болғаны 1000 грамм болатын, туғанына 45 күн ғана болған нәрестеге жүрекке күрделі ота сәтті жасалды, деп хабарлады turkystan.kz.
25-аптада өмірге келген шақалақ 2 наурызда орталықтың нәрестелер реанимация бөліміне жеткізілген. Сол кезде оның салмағы 655 грамм, бойы небәрі 28 сантиметр ғана болған. Сәбиге туа біткен жүрек ақауы – "ашық артериалды өзек" диагнозы қойылып, сондай-ақ тыныс алу мүшелерінің жетілмеуіне байланысты респираторлық дистресс-синдром анықталған. Жағдайының ауырлығына байланысты бала бірден өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Күрделі жағдайды ескерген перинаталды орталықтың дәрігерлері Шымкент қаласындағы кардиохирургтармен бірнеше мәрте кеңес өткізді. Шақалақтың жасы 45 күнге толып, салмағы 1000 граммға жеткенде жүрекке ота жасау туралы шешім қабылданды. Ашық артериалды өзекті жабу бойынша жасалған операция сәтті өтті. Отаға Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының кардиохирургы Асан Жұманов пен перинаталды орталықтың анестезиолог-реаниматологы Ақжол Абдраимов жетекшілік етті.
Қазіргі таңда нәрестенің жағдайы бірқалыпты ауыр деңгейде және ол перинаталды орталық бас дәрігерінің неонаталды қызмет жөніндегі орынбасары Гүлмира Будукова мен неонатолог-реаниматолог Ерасыл Шабетов бастаған неонаталды реанимация бөлімінің мамандарының тұрақты бақылауында. Ал сәбидің анасы, сәбиінің өмірі үшін аянбай еңбек етіп жатқан ақ желеңді абзал жандарға шексіз ризашылығын білдірді.