ChatGPT қызметінің әзірлеушісі OpenAI компаниясы Google-ға тиесілі Chrome браузерін сатып алуға қызығушылық білдіріп отыр, деп хабарлады turkystan.kz порталы Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.
«Иә, біз көптеген басқа компаниялар сияқты бұл мәселеге қызығушылық танытамыз», – деді OpenAI-де ChatGPT үшін жауапты Ник Тарли.
Тарлидің айтуынша, қазіргі уақытта Chrome үшін ChatGPT кеңейтімі қолжетімді, алайда Google браузері OpenAI иелігіне өтсе, чат-ботты Chrome-ға тереңірек интеграциялау мүмкін болар еді.
Бұған дейін АҚШ Әділет министрлігі сотқа жүгініп, Google компаниясынан браузерге иелік етуден бас тартуды және өзге компаниялармен іздеу жүйесін қолдануға қатысты келісімшарттар жасасуға тыйым салуды талап еткен болатын. АҚШ үкіметі Google-ды интернеттегі іздеуді бақылауда ұстайтын монополист ретінде тануға тырысып отыр, бұл олардың пікірінше, бәсекелес компанияларға кедергі келтіреді.