Ақтөбелік емші Сұлушаш Қазбаеваға қатысты сот отырысы өтті

/
Ақтөбелік емші Сұлушаш Қазбаеваға қатысты сот отырысы өтті
Фото: Stan.kz (жәбірленушілер)

Ақтөбелік емші келушілердің есепшотындағы ақшаны алып, несие алғызған. Ол мешіт саламын, бауырыма көмектесемін, қызымның еміне ақша керек деп жалпы сомасы 406 млн теңге шығын келтірген, деп хабарлады turkystan.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Ақтөбе қалалық сотында халық емшісі Сұлушаш Қазбаеваға қатысты сот отырысы басталды. Іс ҚК-нің “Алаяқтық” 190 бабы 4 бөлігі 2 тармағы бойынша тергелді. Емші дертіне шипа іздеп келгендерге миллиондап несие алғызды деп айыпталады. Ол ақшаны өз есепшотына аударып отырған.

Сотталушы емделуге келген адамдарға мешіт салатынын, бауырларына көмек көрсететінін, қызының еміне шұғыл ақша керектігін айтып, депозиттегі ақшаларын шешіп алып, несиеге ақша алғызған.

“2024 жылдың қаңтар айынан бастап, мүгедектігі бар қызымның емі үшін 6 ай бардық. Бір апта өткен соң алдандым. Менің атыма 2,5 млн теңге, жолдасымның атына 2 млн теңге алдыртты. Қолына Құран кітап ұстап отырып алдады. Қазір үстемақы өсіп жатыр. Балам отырмайды, тұрмайды, сөйлемейді. “Аяғынан тұрғызып беремін” деді. Ешқандай нәтиже болмады.
Мүгедек баласы бар мені аямағанда басқаны қалай аяйды?! Жолдасым қара тізімге енбес үшін несиені төлеп жатыр. Біз саяжайда тұрамыз”, – деді жәбірленуші Гүлбану Науанова.

Бүгін сотқа отызға тарта жәбірленуші келді. Сотталушы кейбір жәбірленушіге 24 млн теңгеге дейін қарыз. Олар несие алғанда естерін білмейтінін алға тартады.

“Менің басым қатты ауырып тұрды. Қазір қарызым 3 млн теңге. Қазір әкеліп таста деді. Такси келіп тұрды. Қалай алданғанымды білмеймін. Гипнозбен алдады. Мен тек  жылай бастадым. Үйге келгенді бірдеңе дұрыс емес деп түсіндім. Ол басында ай сайын төлеп тұрды. Ол бірақ 1-2 айда жабамын деді. Кейін кешіктіре бастады. 2 жыл асып кетті. Талабым – несиені алып тастасын”, – деді жәбірленуші Анар Ержанова.

Сотталушының қылмыстық әрекеті 2021 жылдан басталады. Ол ҚР және дүниежүзінің құрметті ардагерлер кәсіби емшісі және шығыс халық медицина магистрі ретінде қазақы ем жүргізген.
Қазбаева ем алуға келуші азаматтардың көп екенін ескеріп, қасақана, тікелей пайдаға кенелу ниетімен алаяқтық әрекетке барады.

“Өз ойын жүзеге асыру мақсатында пайдакүнемдік ниетте өзіне ем алуға келуші тұлғаларға өзінің қайтыс болған егіз інісінің атына Әйтеке би ауданы Ақкөл ауылында мешіт саламын деп сонымен қатар өзінің кәмелет басқа толмаған қызының диабет ауруына байланысты Түркия еліне апаруға, сонымен бірге өзінің медициналық мекеме ашып, жеке кәсібін ашып, дамытуға ақша жетпей жатқанын сылтауратып, өзіне ем алуға келген тұтынушыларға әртүрлі банктен несие алып беруін өтініп, алып берген несие ақшасын 2 ай ішінде толық жауап бере алатын мүмкіндігі бар екенін айтып сендіреді.

Қазақы ем жасауға арналған кабинетінде жәбірленуші Р.З. жолдасымен ажыратынын, депозиттегі ақшаны күйеуі иеленгісі келетінін айтқан кезде жәрбірленушіден 2,6 млн теңге шешіп, қолма-қол әкеліп беру керек деп айтқан. Ақшаны сақтайтынын айтқан. Зарлықова сеніп, 2 млн 600 мың теңгені әкеліп береді.

Ақшаны өзінің жеке қажеттілігіне жұмсағысы келетінін айтты. Бірақ 1 ай уақытта қайтарамын деп жалған айтып, сендіреді. Өзінің алданып тұрғанын білместен халық емшісі болған соң қорқып, ақшасын берген. 2021 жылы Сұлушаш Қазыбаева кабинетінде Зарлықоваға несие алып беруді өтінеді. Шұғыл ақша қажет деп, несие өтінім бергізеді. 1,6 млн теңге несие рәсімдеп, С.Қазыбаеваға апарып береді”, – деді прокурор.

Іс 25 томнан тұрады.  90 жәбірленуші бар. Жалпы шығын көлемі – 406 млн теңге.

Сотталушы Сұлушаш Қазбаева 51 жаста. Тұрмыста, екі қызы бар. Сотта өзін 30 жылдан бері Қазақстанның халық емшісімін деп таныстырды.

Сотта өзі істі болғаннан кейін анасының қайтыс болғанын айтып, үйқамаққа ауыстыруды сұрады. Анасының басына топырақ салғысы келетінін айтып, өтініш хат оқыды. Мемлекеттік айыпталушылар да, жәбірленушілер қарсылық білдірді.

Сот үзіліс жариялады.

 

Бөлісу: