Әблязовті сырттай соттады

Әблязовті сырттай соттады

Әблязовті сырттай соттады
ашық дереккөзі
Алматы қаласында БТА Банкінің бұрынғы топ-менеджерлерінің ісі бойынша басты сот процесі басталды. Топ-менеджерлерді банк қаражатын ұрлады және заңсыз пайдаланды деп айыптап отыр.
Сот осы істегі басты сотталушы - банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтің қатысуынсыз өтіп жатыр. Ол қазір шетелде тұрады. Сот процесінде Әблязовті мемлекет тағайындаған адвокат Анжелика Әжіғұлова қорғайды. Ол соттың алдын ала тыңдауында қорғауындағы азаматтың қайда екенін білмейтінін мәлімдеді. Тергеу нұсқасы бойынша, Әблязов ұйымдасқан қылмыстық топ құрған, оған 100-ден астам адам кірген. Дүйсенбі күні соттың алғашқы отырысында прокурорлар айыптау актісін оқыды. Одан соң судья Мартпек Кәкімжанов сотталушыларға кінәларын мойындайтынын, не мойындамайтынын сұрады. Банктің бұрынғы басқарма төрағасы, биыл қаңтарда Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланған Жақсылық Жәрімбетов тағылған айыптардың барлығын мойындайтынын судьяға айтты. Банктің несиелеу жөніндегі бұрынғы директоры Қайрат Садықов пен бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мамеш кінәларын жартылай мойындаған. Сот отырысының екінші жартысында сотталушылардан жауап алынды. Бұл іске қатысты алдын ала тыңдаулар 17 наурызда өтті. Сот Алматының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта өтіп жатыр. Мұхтар Әблязов өзіне тағылған айыптарды бірнеше мәрте жоққа шығарып, істің саяси астары барын мәлімдеді. Ол Қазақстан билігін өзінен БТА Банкті тартып алды деп айыптады. Сол кезде БТА Банк елдегі ең ірі коммерциялық қаржы мекемесі болатын. 2009 жылы банк мемлекет меншігіне алынып, қайта құрылымдаудан соң, басқа коммерциялық банктің меншігіне өтті.