Депутат Жайық мәселесіне қатысты Қазақстан-Ресей бағдарламасын әзірлеуді ұсынды

/
Депутат Жайық мәселесіне қатысты Қазақстан-Ресей бағдарламасын әзірлеуді ұсынды
сурет: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілерінің тізбесіне енгізу мәселесін қайта көтерді. Бұл – бір мәселе бойынша жолданып отырған төртінші депутаттық сауал екені айтылды.

«Бұл – менің үшінші Премьер-Министрге жолдап отырған төртінші сауалым. Бірнеше жыл бойы көтеріліп келе жатқан Жайық мәселесі әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ», – деді депутат.

Тұрғановтың айтуынша, Жайық – еліміз үшін тек экологиялық емес, стратегиялық маңызы бар өзен. Дегенмен, ұзындығы жағынан Еуропада үшінші орын алатын бұл су артериясы қазіргі таңда су деңгейінің төмендеуі, ластану және экожүйенің бұзылуы сынды күрделі проблемаларға тап болған.

«Су кодексі мен Үкімет қаулыларына сәйкес, ерекше маңызы бар су айдындарына Каспий, Балқаш, Алакөл және Ертіс енгізілген. Ал Жайық өзені сол тізімде жоқ. Бұл өңір жұртшылығы мен мамандардың орынды алаңдаушылығын туғызып отыр», – деді депутат.

Оның айтуынша, 2022 жылы Мемлекет басшысы Жайықтың экологиялық ахуалына арнайы тоқталып, нақты тапсырмалар берген. Сонымен қатар, 2023 жылы Премьер-Министр бұл мәселе гидрогеологиялық зерттеулерден кейін қайта қаралатынын мәлімдеген. Бүгінде сол зерттеулер аяқталғанымен, мәселе әлі де шешілмеген.

«Зерттеулерге 51 миллион теңгеден астам мемлекеттік қаражат жұмсалды. Бірақ нақты шешім қабылданған жоқ. Ал 2021-2024 жылдарға арналған Қазақстан-Ресей Жайық экожүйесін қалпына келтіру бағдарламасының мерзімі аяқталғанымен, жаңа бағдарлама әлі күнге дейін бекітілмеді», – деді депутат.

Тұрғанов ұсынған негізгі шешімдер:

  1. Жайық өзеніне ерекше мәртебе беру. Бұл өзенді қорғауға, экожүйені қалпына келтіруге, өңірдің экологиясы мен экономикасы арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
  2. Қазақстан-Ресей бағдарламасын әзірлеу. Онда нақты іс-шаралар мен қаржыландыру көздері қамтылуы тиіс.
  3. Ірі кәсіпорындардың су тұтынуына бақылауды күшейту. Оларға су ресурстарын қайталама пайдалануға міндеттеу ұсынылды.
  4. Жасанды су қоймаларын салуға тыйым салу. Бар объектілерге тексеріс жүргізу қажет.

«Жайық өзенінің тағдыры – тек батыс өңірінің ғана емес, бүкіл еліміздің экологиялық қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Сондықтан бұл жағдайға мемлекеттік деңгейде шұғыл және нақты шешім қажет», – деді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Тұрғанов.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары