Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы мемлекеттік сатып алу конкурсының күшін жойды, деп хабарлайды turkystan.kz.
2025 жылғы 29 қаңтарда Сырым ауданының білім бөлімі ауылдық мектептердің 1-4 сыныбында оқитын 1248 баланы тамақпен қамтамасыз етпек болған. Сол мақсатпен 71 720 388 теңгеге 9 конкурс жариялаған.
Конкурстық құжаттаманы тексергенде білім бөлімі әзірлеген перспективалық мәзір санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтіні анықталған.
Атап айтқанда балалардың күнделікті рационына кіретін сүт, қант және май жетіспеген.
Сонымен қатар, мәзірге 5 компоненттен тұратын күрделі салат енгізілген. Бұл денсаулық сақтау министрінің «қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы бұйрығының талаптарын бұзады.
Сондай-ақ, перспективалық мәзірде тиісті 200 гр шырынның орнына 165 гр көрсетілген.
Сырым ауданы прокуратурасының наразылығы бойынша конкурстардың күші жойылды.