Астанада «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі Республикалық кеңес алаңында «Қазақстан балалары» Ұлттық бағдарламасын әзірлеуге арналған алғашқы жиын өтті. Оған 100-ден астам адам қатысты. Сондай-ақ еліміздің барлық өңіріндегі 500-ден астам азамат жиынға бейнебайланыс режимінде қосылды. Бірегей формат балалармен күн сайын жұмыс істейтін және жүйедегі барлық түйткілді жақсы білетін мамандардың үнін естуге мүмкіндік берді. Олардың қатарында балалар үйлерінің қызметкерлері, мектеп директорлары, дәрігерлер, дағдарыс орталықтарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және ата-аналар болды.
Негізгі міндеттің бірі нағыз «миға шабуыл жасау» еді. Яғни, қатысушылар денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау, білім беру, инклюзия және спорт, сондай-ақ зорлық-зомбылық, суицид және балалар қауіпсіздігі мәселелері бойынша үш топқа бөлінді. Бірнеше сағат ішінде олар өз ұсынысын әзірлеп, оны отырыстың пленарлық бөлігінде ұсынды.
«Біз мәселені талқылап қана қоймай, Қазақстандағы өзекті мәселелерді шешуге және қолданыстағы тетіктерді жақсартуға бағытталған бағдарламаға енетін нақты шешімдерді жинап жатырмыз. Бұл құжат әкімнен бастап, учаскелік полиция қызметкеріне, мұғалімнен бастап, министрге дейінгі барлық мемлекеттік орган үшін ортақ бағдар болады», – деді Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, «AMANAT» партиясы жанындағы Республикалық кеңестің төрағасы Динара Зәкиева.
Оның айтуынша, «Қазақстан балалары» бағдарламасы – ондаған шараны жүйелеуге, қайталануды жоюға және бала құқықтарын қорғау саласындағы барлық мәселеге нақты шешімдер енгізуге жол ашатын бірегей мүмкіндік. Бұл қадам ауылдан бастап ел астанасына дейін бірыңғай үйлестіруші вертикаль құруға мүмкіндік береді.
«Бағдарлама инклюзивті білім беруден, денсаулық сақтаудан бастап, әлеуметтік қолдауға дейінгі, баланың цифрлық қауіпсіздігінен бастап, балалардың құқығын қорғау органдарын реформалауға дейінгі аралықтың бәрін қамтиды. Президент бастамасы жаңа қадамдарға жол ашады. Енді бұл реформаны нақты мазмұнмен толықтыру – біздің ортақ міндетіміз», – деді Динара Зәкиева.
Пікірталас бейресми форматта өткенімен, ауқымды тақырыптарды қамтыды. Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Айна Мысырәлімова мен Үнзила Шапақ кеңес жұмысының маңызына тоқталды.
Айна Мысырәлімова әлеуметтік саладағы көп мәселе заңдарда және заң аясындағы актілерде көрініс тапқанын, алайда үйлестіру жұмысы мен адами ресурстың жетіспеушілігінен іс жүзінде шешілмей отырғанын жеткізді.
«Бізде әлеуметтік қызметкерлерді даярлайтын білім беру бағдарламасы жоқ. Төмен жалақы мен қандай да бір қолдаудың болмауы жұмыс сапасына әсер етеді. Көп мәселе заңда көрініс тапқанымен, қаржы жетіспеушілігіне немесе жергілікті жердегі белгілі бір орындаушының жұмысына байланысты шешілмеуде. Кейде шешім бар болғанымен, ол жүйелі жүзеге асырылмайды», – деді ол.
Үнзила Шапақ талқыланған реформаның гуманитарлық мәніне баса назар аударып, қоғамның балаға деген көзқарасы тұтас ұлттың даму, жетілу көрсеткіші екенін атап өтті.
«Президент балалардың балалық шағы болуы керек екенін әрдайым айтады. Олар қауіпсіз ортада өмір сүруі, өсіп-жетілуі керек. Егер бала қорқынышты, қауіпті ортада өсетін болса, даму тақырыбы туралы айтудың қажеті жоқ. Бүгін біз тек саясат немесе стратегия туралы емес, қоғамдағы балалық шақтың құндылығы туралы айтып отырғанымызға сенімдімін. Біз әр баланың бойынан жеке тұлғаны көруге міндеттіміз. Олардың әрдайым үні естіліп, құқығы қорғалуы керек», – деді ол.
Орталық сарапшылардың да, аймақтардағы өкілдердің де ұсыныстары арасында ондаған жүйелі шешімдер бар.
Мәселен, Орал қалалық мәслихатының депутаты Азима Губашева «тәуекел тобындағы» балалармен жұмыс істеу кезінде «бір терезе» қағидатын енгізуді ұсынды. Оның пікірінше, психологтар, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер және ювеналды полиция қызметкерлері қауіп-қатерді ерте анықтау және уақтылы қолдау көрсету үшін бірыңғай жүйеде әрекет етуі керек. Ол сондай-ақ баланың дамуының, денсаулығының, білімінің және әлеуметтік қорғалуының жай-күйі ескерілетін цифрлық карта құруды ұсынды.
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай балалар арасындағы зорлық-зомбылық тақырыбын қозғап, алаңдатарлық статистиканы алға тартты. Мәселен, Қазақстандағы оқушылардың үштен екісіне жуығы үйде, мектепте немесе балабақшада қандай да бір зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Депутат мектептердегі профилактикалық жұмысты жандандыруды, мектеп психологтарының қызметін жүйелеуді, беделді қоғам қайраткерлерін ағартушылық жұмысқа қосуды және тұрмыс жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларды үйірмелер мен секцияларға тарту үшін ArtSport бағдарламасының ресурстарын пайдалануды ұсынды.
«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің жетекшісі Марина Стрелковская сирек көтерілетін тақырыпты қозғап, балаларға паллиативтік көмек көрсетілмейтінін еске салды. Ол айықпас дертке шалдыққан балалары бар отбасылар көбінесе басқа түскен мәселемен жалғыз күресетінін атап өтті: қымбат жабдықтар, күтім, дәрі-дәрмектер – мұның бәрі ата-ана мойнына артылады. Осыған байланысты, ол медицина тұрғысында ғана емес, психологиялық тұрғыда да көмек көрсететін мекемелер желісін құруды ұсынды.
Сарапшы Гүлжан Вероцкая психологиялық ағарту мен ерте араласудың маңызына баса назар аударды. Ол мектептерде психологпен міндетті сағаттарды енгізуді, ұлттық балалар сайтын құруды, сондай-ақ отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы шараларды кеңейтуді ұсынды.
Қоғам қайраткері Роза Ақылбекова кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылық пен суицидке төзбеушілік саясатын енгізуді, дағдарысқа тап болған отбасыларға мониторинг жүргізу үшін бірыңғай ведомствоаралық база құруды және мүгедектігі бар балалардың құқығын қорғау жұмысын күшейтуді ұсынды. Сондай-ақ ол ұсынған бастамалардың қатарында ата-аналарға арналған жеке психологиялық қолдау бағдарламалары, оңалту орталықтарын кеңейту және ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға жүйелі қолдау көрсету қадамдары бар.
Сондай-ақ педагогикалық даярлықты реформалау, инклюзия саласындағы мұғалімдерді сертификаттау, цифрлық білім берудің ұлттық стандартын әзірлеу сынды көптеген ұсыныс айтылды. Мектептегі спорт лигаларын енгізу және бейімделген спортты дамыту туралы ұсыныс жеке қаралды.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан сарапшылардың ұсынысын ескеруге дайын екенін жеткізіп, мұндай талқылауды балалық және жасөспірім шаққа қатысты жаңа қоғамдық көзқарастың бастауы деп санауға болатынын атап өтті.
Ұсыныстарды жүйелеу жұмысы мамыр айының соңына дейін жалғасады. Содан кейін салалық министрліктермен бірлесіп ведомствоаралық пысықтау кезеңі басталады. «Қазақстан балалары» бағдарламасы 2025 жылдың соңына дейін әзірленіп, еліміздегі бала құқығын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың басты құжатына айналуға тиіс.