сенбі, 19 сәуір, 2025

Қарағанды облысында тыйым салынған зат тасымалының жолы кесілді

/
Polisia.kz

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты “№31 мекеме” РММ-нің өндірістік аймағындағы көлік өткізу бақылау бекетінде азамат М. басқарған жүк көлігі тексерілді. Ол мекемеге шлакоблок бұйымдарын жеткізіп бара жатқан. Тексеру барысында көліктің жүк бөлігінен 0,7 литрлік ішімдік бөтелкесі табылып, тәркіленді.

Аталған дерек ҚАЖК-нің ақпараттық жүйесіне тіркеліп, процессуалдық шешім қабылдау үшін материалдар полиция бөліміне жолданды.

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне бару ережелеріне сәйкес мекеме аумағына кірер алдында барлық тұлға рұқсат етілген және тыйым салынған заттар тізімімен қолхат арқылы танысып, жауапкершілік туралы жазбаша әрі ауызша түрде ескертіледі.

Өткізу бекетінен өту кезінде келушілер мен көлік құралдары міндетті түрде:

  • Құжаттарын көрсетіп, бір реттік рұқсат қағазын алады;
  • Металл іздегіш арка немесе қол детекторымен тексеруден өтеді;
  • Өзінде болуы мүмкін тыйым салынған заттарды арнайы сейфке қолхатпен тапсырады (кейін қайтарылады).

Алкоголь секілді тыйым салынған заттарды мекеме аумағына өткізуге немесе өткізуге әрекеттену ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Бұл — ескерту беру немесе 10 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу түрінде жазаланады. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 30 тәулікке дейін әкімшілік қамау шарасы қолданылуы мүмкін.

Сонымен қатар заңсыз тауарларды, оның ішінде алкоголь өнімдерін мекеме аумағына тасымалдау ҚР ҚК-нің 234-бабына сәйкес экономикалық контрабанда ретінде қаралып, 3000 АЕК-ке дейін айыппұл, 400 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс, бас бостандығын шектеу немесе 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Сонымен бірге мүлікті тәркілеу шарасы да қарастырылады.

Мекеме аумағында арнайы бөлмелерде келушілерге арналған ескерту материалдары, плакаттар мен жадынамалар орналастырылған. Соған қарамастан, тыйым салынған заттарды ішке енгізуге әрекет ету деректері жыл сайын тіркеліп отырады. Осыған байланысты мекеме қызметкерлері келушілер арасында заң талаптарын сақтау және оның бұзылу салдары туралы тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Қатаң бақылау тәртібі, қызметкерлердің кәсібилігі және жүйелі профилактикалық шаралардың нәтижесінде тыйым салынған заттардың мекеме аумағына өтіп кетуіне жол берілмейді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары