сәрсенбі, 16 сәуір, 2025

Қазақстандық спортшы UFC басшылығының шақыруымен АҚШ-қа аттанады

/
Фото: Александр Ковпак/OCTAGON

«Панда» лақап атымен танымал қазақстандық файтер Нұрғиса Үмбетов (3-1) АҚШ визасын ресми түрде алып, жақын арада Лас-Вегасқа аттанады, деп хабарлады turkystan.kz Sportnews.kz порталына сілтеме жасап.

АҚШ-қа сапар UFC президенті әрі Power Slap лигасының басшысы Дана Уайттың тікелей шақыртуының арқасында мүмкін болды.

Бұған дейін аралас жекпе-жекте өнер көрсетіп жүрген Үмбетов енді өзінің спорттық жолын Power Slap лигасында жалғастырмақ. Бұл — шапалақтасу сайысы бойынша қарқынды дамып келе жатқан жаңа ұйым. Дана Уайттың жеке өзі шақырғаны – Нұрғисаның мансабындағы маңызды жетістіктердің бірі саналады. Ол лигадағы жартылай ауыр салмақ дәрежесіне енді.

Сәуір айының соңында Нұрғиса Лас-Вегаста өтетін ашық жаттығу жиынына қатысады. Бұл шара — оның АҚШ-тағы алғашқы қадамының маңызды бөлігі болмақ.

«Халықаралық аренада Қазақстанды таныту – мен үшін зор құрмет. Бұл жобаны бүкіл әлем бақылап отыр. Бар мүмкіндігімді пайдалануға дайынмын», – деді спортшы.

Айта кетейік, Үмбетов кәсіби мансабында төрт кездесу өткізіп, үшеуінде жеңіске жетіп, біреуінде жеңілген. Сондай-ақ, ол бұған дейін БАӘ мен Ресей тарапынан ұсыныстар алған болатын.

Бөлісу: