Полиция астаналықтарды алаяқтардың жаңа қитұрқы әрекеттері туралы ескертеді, деп хабарлады turkystan.kz.
Соңғы уақытта елорда тұрғындарына «Астана-РЭК» немесе «Астана су арнасы» ұйымдарының атынан хабарласып, есептегіш құралдарын ауыстыру қажет деген сылтаумен жалған қоңыраулар шалу деректері жиілеп отыр. Бұл қоңыраулардың артында – азаматтарды алдап, қаржылық шығынға ұшыратуды көздеген алаяқтар тұр.
Алаяқтар алдымен тұрғыннан 1414 қызметінен келген SMS-кодты айтуды сұрайды. Осыдан кейін олар сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатқанын айтып, үрей тудыруға тырысады. «Несие рәсімделуінің алдын алу»» және «қаражатыңызды қорғау» деген желеумен олар келесідей әрекеттерді жасауға көндіреді:
- Банк шоттарыңыздағы барлық қаражатты шешіп алып, «Ұлттық банктің резервтік шотына» аудару;
- Атыңызға несие рәсімдеп, оны «қауіпсіз шотқа» жіберу;
- Депозиттегі қаражатты шешіп алып, оны «арнайы қызметке» немесе «банкке» тапсыру.
Бұл — құрбанның банк картасы мен жеке деректеріне қол жеткізу үшін ойластырылған қитұрқы тәсілдер. Алаяқтар азаматтардың сеніміне кіріп, олардың атынан несие рәсімдеп немесе ақшаларын жымқыруға тырысады.