Қостанайда терроризм туралы жалған хабар берген оқушы анықталды, деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл туралы Polisia.kz жариялады.
Қостанайдағы сауда ойын-сауық орталығының әкімшісі белгісіз нөмірден жарылғыш зат орнатылғаны туралы SMS-хабарлама алған. Ықтимал қауіп туралы ақпаратты қауіпсіздік қызметінің бастығы шұғыл түрде тиісті органдарға жеткізген.
«Оқиға орнына дереу жеткен арнайы қызмет өкілдері ғимаратты және оның аумағын мұқият тексеріп шықты. Жарылғыш зат табылған жоқ. Жедел-іздестіру шаралары барысында Қостанай облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы күдіктінің ізіне түсті. Ол – облыс мектептерінің бірінде оқитын 8-сынып оқушысы болып шықты. Жасөспірім өз кінәсін мойындап, бұған дейін де осындай жалған хабарлама жасағанын растады», - делінген ПД хабарламасында.
Атап айтқанда, 26 ақпанда ол Садчиков мектебінде бомба бар деп хабарлаған.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Кәмелетке толмаған оқушы мен ата-анасының, психологтың және әлеуметтік педагогтың қатысуымен жұмыс жүргізіліп жатыр.