Осыдан тура 30 жыл бұрын, 1995 жылы Тәжік-ауған шекарасында бітімгерлік миссиясын атқарған Ішкі әскердің 17 жауынгері жаумен шайқаста қаза тапты. Ержүрек батырларды еске алу мақсатында жыл сайын 7 сәуірде Ұлттық ұланда Ерлік күні атап өтіледі. Биыл "Қазбат" жауынгерлерінің құрметіне Астанадағы Ерлік аллеясында орналасқан "Ер есімі – ел есінде" ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлады turkystan.kz.
Іс-шараға ІІМ басшылығы, Ұлттық ұлан қолбасшылығы, жергілікті атқарушы органдарының өкілдері, әскери және жергілікті қақтығыстардың ардагерлері қатысты.
Жиналған көпшілік жауынгерлерді еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Жиналыс ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алу үшін бір минут үнсіздіктен басталды.
— Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен әскери борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін: ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен - 5 адам, "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен - 12 адам марапатталған. Біз әскери борышын ақтық демі қалғанша адал орындағандарды еске аламыз. Олар Отанымыздың шекарасын өз өмірінің құнымен қорғаған батырлар ретінде жадымызда мәңгі қалады, - деді Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар Бас басқармасының бастығы полковник Нұрбай Бектұрсынов.
Сондай – ақ, шекара шатқалында қаза тапқан Ербол Бекебаевтың анасы — Жанат апа да өз естеліктерімен бөлісті. Оның айтуынша, ұлы Ербол болашақ армандары көп және жүрегі сүйіспеншілікке толы қарапайым жігіт болған. Алайда, сын сағатта ол өз елінің жауынгері, қорғаушысы бола білді және туыстары мен жақындарының, халқының жадында мәңгі қалар ерлік жасады. Ана жүрегі сол ерліктің әлі талай жылдар бойы болашақ ұрпаққа батылдық пен адалдықтың үлгісі болатынына сенеді.
Жиында Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы генерал-майор Қалиақпар Тоқышев сөз сөйлеп, қазақстандық жауынгерлердің жанқиярлығына тоқталды.
Іс-шара барысында "Ер есімі — ел есінде" ескерткішіне гүл шоқтары қойылды, Ұлттық ұлан мен Шекара қызметі елордалық гарнизондарының жеке құрамы салтанатты шерумен өтті. Тағзым шарасы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің патриоттық орталығында жалғасты. Ұлттық ұлан видеостудиясының мерейлі датаға орай даңқты жетінші рота жауынгерлерінің рухына арнайы дайындаған деректі фильмінің тұсауы кесілді.
Айта кету керек, дәл осы күні еліміздің басқа өңірлеріндегі құқықтық тәртіп әскерлерінің барлық әскери бөлімдерінде салтанатты митингілер өтуде.