Пхукеттен 9 шақырым жердегі Майтон аралында өртенген яхтада болған Қазақстан азаматы Думан Байкен осы оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп хабарлады Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
"Дәл қазір жағдайымыз жақсы. Өрт болған кезде мен яхтада болдым, ал зайыбым (Бақытгүл Байкен) суда жүзіп жүрді. Жалпы, яхтада техникалық ақау бар екенін алдын ала сездік. Себебі жолға шыққан кезде, 10 минуттан кейін бензин исі сезіліп, яхтаның бір қозғалтқышы істен шықты. Екінші қозғалтқышымен әрең дегенде жақында тұрған аралға жеттік. Экипаж мүшелері қайықты жөндеуге кірісті. Ал жолаушылардың кейбірі жағалауда болса, кейбірі суда болды. Сол кезде мен де яхтаның жанында суда жүзіп жүрген едім. 20 минуттан соң киімімді ауыстыру үшін яхтаға көтеріліп келе жатқанда жарылыс болды", – деді Байкен Таиландтағы демалыс үйінен онлайн режимде Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, өрт кезінде ол суға секіріп, әйелімен бірге жағалауға шыққан. Жарылыс салдарынан қолы күйіп қалған. Жарты сағаттан кейін туристерді құтқарушылар алып кеткен. Яхтада шамамен 37 адам боса, оның төртеуі - Қазақстан азаматы.
"Бұл жерде полиция мен аурухана қызметкерлері жақсы қабылдап, күтім жасады, алғашқы көмегін ұсынды. Ал волонтерлер бізге тез арада киім жеткізіп, тамақтандырды. Яхтада Қазақстаннан 4 адам болдық, екеуі Алматыдан. Алматылық жігіттің аяғын күйік шалды, ал қыздың шашы күйіп қалды. Ертең госпитальге тағы барамыз. Осы елдегі Консул бізбен байланысқа шықты, қазір біз орналасқан қонақ үйге келеді", – деді Думан Байкен.
Оның сөзіне қарағанда, яхтадағы заттары мен құжаттары өртеніп кеткен. Консулдық құжаттарды даярлауға көмектеседі.
"Біз осында 30 наурызда келдік. Демалысымыз 7 сәуірге дейін жоспарланған", – деді ол.
Еліміздің сыртқы істер министрлігі Таиландта өртенген яхтада болған қазақстандықтарға қатысты жауап берді.
“Яхтадағы жолаушылардың арасында Қазақстанның 4 азаматы болды. Олардың барлығы дін-аман, Таиландта демалысын жалғастыру туралы шешім қабылдады. Екі азаматтың паспорты өртеніп кетті. Ертең Консул оларға уақытша құжаттарды ресімдеп, сонымен Қазақстанға орала алады”, – деді СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияров.