Дания әйелдерді әскери борышын өтеуге міндеттемек. Бұл шешім Ресеймен қарым-қатынастың шиеленісуі және Украинадағы соғыс аясында қабылданып отыр, деп жазды Guardian.
«Біз соғысқымыз келгендіктен қаруланып жатқан жоқпыз. Біз соғыстың алдын алу үшін қамданып жатырмыз», – деді Данияның премьер-министрі Метте Фредериксен.
Оның айтуынша, үкімет гендерлік теңдікті толық қамтамасыз етуді және әскери қызмет мерзімін 4 айдан 11 айға дейін ұзартуды көздейді.
2026 жылдан бастап жыл сайын 5 000 ер және әйел азамат әскери қызметке шақырылады. 2023 жылы шамамен 4 700 адам әскери борышын өтеген, олардың ішінде әйелдер тек ерікті түрде қызмет еткен және әдетте 4 айға ғана шақырылған.
Қорғаныс министрлігі қарулы күштерді «тарихи тұрғыда нығайту» қажет екенін мәлімдеді. Елдің қорғаныс министрі Трульс Лунд Поульсен Еуропадағы қауіпсіздік жағдайының нашарлағанын және бұл мәселеге ерекше назар аудару қажет екенін айтты.
«Қарулы күштерді нығайту үшін міндетті әскери қызметті қайта қарау керек. Әскерге шақыру жүйесінің берік болуы, оның ішінде гендерлік теңдікті қамтамасыз ету ұлттық қорғанысты күшейтудің маңызды бөлігі», – деді ол.
Жаңа 11 айлық жүйеге сәйкес, әскерге шақырылғандар алдымен 5 ай негізгі дайындықтан өтеді, содан кейін 6 ай бойы армия, әскери-әуе және теңіз күштерінде қызмет атқарады. Қазір Данияда 18 жастан асқан денсаулығы жарамды барлық ер азамат әскери қызметке шақырылады. Алайда ерікті түрде борышын өтеушілер жеткілікті болғандықтан, арнайы лотерея жүйесі қолданылады. 1998 жылы әйелдерге алғаш рет әскери қызметке ерікті түрде қатысуға рұқсат берілген.
Дания қарулы күштерінің басшысы Флемминг Лентфер әскери қызметті кеңейту әскердің жауынгерлік қуатын арттыру үшін маңызды екенін атап өтті.
«Қорғаныс саласында біз әскерге шақыру базасын кеңейтуге және әртүрлілікті арттыруға бағытталған кез келген бастаманы қолдаймыз. Бұл тұрғыда гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – әрі қажетті, әрі дұрыс шешім», – деді ол.