дүйсенбі, 31 наурыз, 2025

«AMANAT»: Қызылорда облысындағы Ақтан батыр ауылы табиғи газға қосылды

/
«AMANAT» партиясы
Облыс әкімінің айтуынша, халықты газбен жабдықтау көрсеткіші 78 пайызға өссе, жыл соңына дейін 82 пайызға жеткізілмек.

Мазмұны

    «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Қызылорда облысында Қазалы ауданына қарасты Ақтан батыр ауылы табиғи газға қосылды.

    Игілікті шараға аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев, Сенат және Мәжіліс депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев және зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.

    Облыс әкімі тұрғындарды Наурыз мейрамымен, көптен күткен қуаныш – ауылға «көгілдір отын» келуімен құттықтады.

    «Ұлыстың Ұлы күні Сыр жеріне толайым жаңалықтарымен жетті. Жақында ғана Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайдың келесі 5-ші отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиынды Сыр елінде өткізу туралы қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты.

    Президентіміз халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы қайтарылған, тарихи әділдік орнаған Қызылордадағы маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс екенін атап өтті.

    Бұл – біз үшін зор мәртебе, Президентіміздің Сыр өңіріндегі атқарылып жатқан жұмыстарға берген оң бағасы.

    Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен қолға алынған, іске асқан байыпты бастамаларымыз бен жасампаз жобаларымыздың игілігін халық көруде.

    Өткен жылы облыс бюджеті 750 млрд теңгеден асып,  екі жарым жыл бұрынғы көрсеткіштің өсімін 206 пайызға жеткіздік.

    Президентіміздің қолдауымен бүгінде Қызылорда қаласы ыстық сумен қамтамасыз етілуде. Алдағы жылу беру маусымында  көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су толық қосылады.

    Газдандыру жобаларына 30 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды, 330 шақырым газ желілері салынды. Халықты газбен жабдықтау көрсеткіші 78 пайызға өссе, жыл соңына дейін 82 пайызға жеткіземіз.Ал, бүгін өздеріңізбен бірге Ақтан батыр ауылын табиғи газға қосамыз. Елдің дамуы  ауылдан, ауылдың гүлденуінен басталады. Ауылдарыңызға келген «көгілдір отын» халықтың тұрмыс сапасын арттырып, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз. Бүгінгі мереке барша отбасына бақыт пен шаттық әкелсін!», – деді Н. Нәлібаев.

    Салтанатты шарада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан алдыңғы буын ағалар мен бірқатар азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып,  Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев құттықтауын жеткізді.

    Биыл облыс аумағындағы барлық елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында 11 млрд теңгеге 38 жоба жүзеге асырылып жатыр.

    Бөлісу: