Семейде дәрігерлер күйдірді деп айыпталған нәресте өте сирек кездесетін генетикалық ауруға шалдыққан болуы мүмкін. Астанадағы Ана мен бала орталығының мамандары оның күйік жарақатын алмағанын анықтады, деп хабарлады turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Кішкентай Әли 2 наурызда дүниеге келген. Ата-анасы дәрігерлер сәбиін жылытуға арналған төсенішке күйдіріп алды деп дабыл қаққан. Себебі бастапқыда семейлік дәрігерлер бұл фактіні мойындап, кейіннен оның тұқым қуалайтын дерт болуы мүмкін екенін алға тартқан. Осы жағдайдан кейін ана мен бала санавиациямен Астанаға жеткізілді.
Қазіргі уақытта сәбиді жан-жақты тексеру жүргізілуде. Ана мен бала орталығының мамандары оның күймегеніне сенімді, алайда нақты қандай дертке шалдыққанын әлі анықтаған жоқ.
«Алдын ала болжам бойынша, балаға тромбогеморрагиялық синдром диагнозы қойылды. Бұл – қан ұюының бұзылуымен байланысты сирек кездесетін дерт. Оның белгілері күйік жарақатына ұқсас болуы мүмкін. Қазір сәбиге қажетті ем жүргізілуде, жағдайы ауыр», – дейді Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары Талғат Ибраев.