Министр Мұхамедиұлы фонограммаға қалай тыйым салатынын айтты

Фонограммамен ән айтуға тыйым салу үшін концерттерге лицензия жүйесін енгізу керек. Бұл туралы бүгін Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау кезінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Барша әлемде «неге фонограммамен ән айтады» деген мәселе талқылануда. Дүниежүзінде нақты қалыптасқан жүйе бар, әсіресе Еуропа елдерінде, АҚШ-та, қазіргі уақытта Өзбекстан мен Түркіменстанда да бұл жүйе ескерілген. Яғни әрбір концерт ұйымдастырушыға министрлік лицензия беруі керек. Өкінішке қарай, біздің заңнамада бұл қадамдар жоқ. 2006 жылы жалпылама заңды қабылдадық, бірақ нақты әр бағытта кейбір кемшіліктер бар. Қазіргі уақытта концерт ұйымдастырушылар лицензияға көшпейінше, бұл мәселе шешілмейтіні анық»,-деп тоқталды министр. Осы орайда ол кез келген адам концертті ұйымдастырып, сахнаға шыға алатынын атап өтті. «Ал егер лицензия берсек, «айналайындар, сіздер фонограммамен заңды бұздыңыздар, сондықтан лицензияңыз жойылады» деп нақты айта алар едік»,-деді Мұхамедиұлы. Оның айтуынша, бұл бағыттағы қадамдарды реттегеннен кейін, концерттерде фонограммамен ән айтқызбау мәселесін толық шешуге болады. 

Back to top button