Ақтауда мектеп оқушысын қатарластары соққыға жыққан
Қазіргі уақытта ол ауыр жағдайда ауруханада жатыр.

Соққыға жығылған оқушының миы шайқалып, бас жарақатын алған, деп хабарлады turkystan.kz порталы stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға сабақтан кейін болған. 9-сынып оқушысын үш қатарласы алдап, камералары жоқ, адамдар аз жерде кездесуге шақырып, металл кастетпен ұрып-соққан.
“Оқиға параллель сынып оқушылары арасында болған жанжалдан кейін туындаған. Жасөспірімдер оқиғаның себептері туралы айтқан жоқ. Біз ішкі тергеу жүргіздік. Балалармен психологтар жұмыс жасады. Сондай-ақ балалардың ата-аналарымен әңгіме өткізілді”, – дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Назира Акбержанова.
Алайда зардап шекке оқушы өзін соққыға жыққан балаларды танымайтынын алға тартты. Мектеп директорының айтуынша, бұл оқушы мектепке бір апта бұрын ауысып келген. Полиция оқиғаға қатысушыларды анықтап, қылмыстық іс қозғады.
"Кәмелетке толмағандар ата-аналарымен бірге полицияға жеткізілді, бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сонымен қатар, олардың ата-аналары немесе заңды өкілдеріне қатысты жауапкершілік мәселесі қарастырылуда. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясына материалдар дайындалып жатыр”, – деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық полиция басқармасы.
Сонымен қатар полиция үш жасөспірімнің профилактикалық есепке қойылғанын хабарлады.