Алматыда жас ғалымдарға пәтер табысталды

Жас ғалымдар көрсетілген қолдау үшін алғыстарын білдірді.

Алматыда жас ғалымдарға пәтер табысталды
Сурет: Ғылым және жоғары білім министрлігі
131

Алматыда «Ғылым ордасы» ғимаратында Мемлекет басшысының тапсырмасымен ғалымдарға қолдау көрсету, олардың әлеуметтік мәртебесін арттыру және ғылымға жас кадрлардың келуін ынталандыру мақсатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев 9 жас ғалымға пәтер сертификаттарын салтанатты түрде табыстады, деп хабарлады turkystan.kz.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 2024 жылғы мамыр айынан бастап баспанаға мұқтаж жас ғалымдардың (40 жасқа дейін қоса алғанда) тізімін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде. Алматы қаласында орналасқан мемлекеттік органдарға ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарынан 300-ге жуық өтінім келіп түсті.

Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында Алматы қаласында баспана беру үшін ғылыми ұйымдардың, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жас ғалымдары үшін пәтерлерді бөлу жөніндегі комиссия баспанаға мұқтаж жас ғалымдардың кезекті тізімін айқындады.

Жас ғалымдар көрсетілген қолдау үшін алғыстарын білдірді. Сондай-ақ олар енді тұрғын үй мәселесін шешуге алаңдамай, ғылыми жұмыстарға көбірек уақыт бөле алатынын айтты.

«Бұл – жас ғалымдарға үлкен қолдау. Жастардың ғылыммен айналысуын ынталандыруға бағытталған осы бағдарламаның іске қосылғанына қуаныштымын. Бұл ғылымды ілгерілету жолындағы маңызды қадам екеніне сенімдіміз», – деп атап өтті Балжан Найманова, Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл жұмысты кезең-кезеңімен жүргізуде. Жас ғалымдар санының артуы ғылымның дамуына, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға, сондай-ақ жаңа экономикалық кластерлер құруға оң әсер етеді.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен 42 жас ғалым тұрғын үй сертификаттарын алды. Сонымен қатар 2023 жылғы 19 қазанда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» АҚ арасында жас ғалымдарға 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қазіргі уақытта аталған бағдарлама бойынша 290 жас ғалым жеңілдікпен баспана алды.

Серіктес жаңалықтары