Қазақстандық спортшы UFC-де нокаутпен жеңіліп, жекпе-жектен кейін төбелес шығарды

Веретенников UFC-дегі екі жекпе-жегінде де жеңіліс тапты

Қазақстандық спортшы UFC-де нокаутпен жеңіліп, жекпе-жектен кейін төбелес шығарды
Chris Unger/Zuffa LLC
248

Қазақстандық аралас жекпе-жек (MMA) шебері Николай Веретенников UFC аясында қатарынан екінші жеңілісіне ұшырады.

Спортшы АҚШ-тың Вашингтон штаты, Сиэтл қаласында өткен Fight Night сериясының турнирінде алдын ала кард аясында өнер көрсетті. Оның қарсыласы – UFC-дегі дебюттік жекпе-жегін өткізген америкалық Остин Вандерфорд, бұрын Bellator чемпионы атағына үміткер болған.

Жекпе-жек қысқа мерзімде келісіліп, аралық салмақта (79,4 кг дейін) өтті. Үш раундқа жоспарланған айқас екінші раундта аяқталды.

Жекпе-жектің алғашқы раундында-ақ Вандерфорд басымдықты өз қолына алып, партерде қарсыласына біршама соққы жасады. Екінші раундта да осы жағдай қайталанды. Төреші жекпе-жекті тоқтатып, техникалық нокаут тіркеді.

Вандерфорд жеңісін тойлап жатқан кезде, Веретенников ашулы түрде оның арқасынан итеріп жіберді. Осыдан кейін қос спортшы арасында төбелес басталып, оны қауіпсіздік қызметі ажыратты.

Веретенников UFC-дегі екі жекпе-жегінде де жеңіліс тапты. Жалпы 35 жастағы қазақстандықтың кәсіби рекорды – 12 жеңіс және 6 жеңіліс.

Ал Вандерфорд қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді. 34 жастағы америкалықтың еншісінде 13 жеңіс және 2 жеңіліс бар.

Серіктес жаңалықтары