"Оңай": Жолаушылар төлем картасын неге тұтынбайды?

"Оңай": Жолаушылар төлем картасын неге тұтынбайды?

"Оңай": Жолаушылар төлем картасын неге тұтынбайды?
ашық дереккөзі
Алматы қаласының қоғамдық көліктеріне енгізілген «Оңай» төлем картасы былтыр қазан айында ресми түрде іске қосылған болатын. Әлі жыл толған жоқ. Алайда жаңа жүйе қолданысқа енген кездегі қарқын әрі кетсе үш-төрт айға ғана созылған сияқты. Себебі бүгінде қала тұрғындары жолақыны қайтадан қолма-қол төлеп жүр. Шынында да, осыдан алты-жеті ай бұрын «Оңай» картасынсыз қоғамдық көлікке міну мүмкін еместей көрінген еді. Тексерушілер де дамыл таппайтын. Тіпті, билетсіз жүрген жолаушылар жаппай әкімшілік жазаға тартылды да. Арнайы ұйымдастырылған рейдтің нәтижесінде бір сағатта жол ақысын төлемеген 200-ге тарта адам анықталған-ды. Олардың әрқайсысына екі айлық есептік көрсеткіш мөлшері, яғни 4242 теңге айыппұл салынды. Осылайша, атүсті қараған жолаушылар бірте-бірте «Оңай» төлем картасын сатып алып, бой үйрете бастады. Бірақ айқай-шу мен қатаң қадағалаудың арқасында енген төлем картасын жолаушылар түгел тұтына ма? Қолма-қол ақшадан қағылған автобус жүргізушілері тіпті жолға шықпаймыз деп, қиғылық салғаны да есте. Қалай десек те, кейбір автобус жүргізушілері бұл жүйенің өздері үшін тиімсіз екендігін айтудан жалығар емес. Ал жекеменшік компания өкілдері «Оңайдың» кесірінен шаш етектен шығынға баттық деп шырылдауда. Жекеменшік жолаушы тасымалдаушы компания өкілдерінің сөзіне сенсек, билет тексерушілер жеке компанияға тиесілі автобустарға бас сұқпайды екен. Тиісті бақылау болмағаннан кейін жолаушылар да жол ақысын төлеуден жалтарады. Сондықтан олар бір апта ішінде табыстарының тең жартысынан айырылыпты. «Оңай» толық іске қосылған уақыттан бастап, 60 пайыз табысымыздан айырылдық деп дабыл қаққан жолаушы тасымалдаушылар жанар-жағармай сатып алуға қаржының тапшы екенін де айтуда. Алайда, «Оңай» төлем картасының қала үшін де, жолаушылар үшін де тиімді екенін уақыт дәлелдеп отырған жоқ па? Бұл біріншіден, қоғамдық көлік мәдениетін қалыптастырса, екіншіден, қаладағы тозығы жеткен автобустардың жаңаруына да мүмкіндік туғызады. Себебі жолақыдан түскен қомақты қаржыны жан қалтасына жинаған жекеменшік автопарк басшылары автобустарды жаңалауға тырыспайтын да тәрізді. Электронды билет жүйесі қоғамдық көлікпен жүретін жолаушылар легі мен қоғамдық көлік қызметкерлері туралы деректер жинауға және маршруттардың ұтымдылығын талдауға мүмкіндік береді әрі қызмет көрсету сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Жауапты мамандардың айтуынша, жүйе көлеңкелі ақшаны айналымнан шығарып, қала бюджетіне түсетін салықты көбейтуі тиіс. Айта кетейік, 2015 жылы «Оңай» жүйесімен 3 млн 733 мың 447 транзакция жасалып, 231 млн 231 мың 415 теңге қаржы қала қазынасына түскен. 2016 жылдың басынан бергі көрсеткішке көз жүгіртсек, қала қазынасына 10 күн ішінде «Оңай» картасынан 67 млн 290 мың 240 теңге түскен. Ал жарты күн ішінде 139 мыңнан астам транзакция жасалып, 8 млн 537 мың теңге қазынаға құйылған. Бастапқыда 473 826 «Оңай» электронды картасы айналымға түсіп, онда 108 086 195 теңгенің жолақысы төленген. Сондай-ақ, Алматы қалалық Жолаушылар көлігі басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әділовтің хабарлауынша, «Оңай» жүйесін енгізгенге дейін бір айдағы орташа табыстың көлемі 830 миллион теңге болса, ал жаңа электронды жүйе енгізілгеннен кейін, наурыз айындағы табыс 1 010 917 670 теңгені құраған екен. Сонда бір айда қалалық бюджетке 180 917 670 теңге пайда артық түскен. Алматы қаласының басшысы Бауыржан Байбек: «Ең бастысы, адам факторын жойып, бюджеттен тыс кетіп жатқан ақшаны жарыққа шығарады. Халықтың ақшасын қайда шашып жатқанын көрсетуім керек. Қала тұрғындары өз қаржыларының өздеріне сапалы қызмет ретінде қайтып жатқанын білуі тиіс. Бұған дейін қоғамдық көліктерді пайдаланатын жолаушылар есебі бізге белгісіз болды: қандай шығын шықты, кіріс көлемі қаншалықты, жолаушылардың ақшасы қайда кетіп жатыр? Ал бүгінде жаңа жүйенің арқасында жолаушылар нарығының көлемі 19-20 миллиард теңге екендігін бағамдап отырмыз. Яғни, 6-7 миллиард теңгені көлеңкелі экономикадан шығарамыз», – деді. Бұған дейін қолданыста болған қолма-қол есеп айырысудан да, валидатор жүйесінен де бюджетке айтарлықтай пайда түспегені белгілі. Ескі жүйе бойынша қазынаның қоржынына тек парк иелерінің төлеген салығы ғана түсіп отыратын. Ал қолма-қол есеп айырысу нәтижесінде қаржының бәрі жеке автобус парктерінің иелеріне, жүргізушілер мен кондукторлардың қалтасына түсіп отырған.

«Өзіңе төлей салған оңай...»

Сонымен, жолаушыларды да, көлік жүргізушілерін де «мойындатқан» «Оңай» төлем картасының соңы неге сұйылып кетті? «Оңай» пайда болған кезде қоғамдық көлікте кондукторлар да азайған еді. Жолаушылар да міне сала, төлем картасы арқылы есеп-айырысатын. Тіпті, осыдан үш-төрт ай бұрын қосақталып жүрген тексерушілердің арқасында қоғамдық көлікке «Оңай» картасынсыз ешкім отырмайтын да еді. Ал қазір ше? Жолаушылар бәз-баяғы қалпына қайта түсіп, қолма-қол төлеуге көшсе, жалмаңдаған кондукторлар да орнына қайта жайғасқан. Ол ол ма, көлік жүргізушісі де, кондуктор да жолақысын «Оңай» картасымен төлейтін жолаушыға қабақ шытып қарайтынын да көз көрді. Неге? Жақында әдеттегідей 118-бағыттағы автобусқа отырдым. Мінген жолаушының көбі қолма-қол ақша төледі. Есік аузында кептеліп қалған жолаушы «Оңай» картасын жанындағы біреуге «басып жіберіңізші» деп өтініш жасағаны сол еді, бас салып айқайға салған кондуктор: «Осы бір «Оңай» картасы да бәле болды. Көбі салған ақшамыз тез бітіп қалады дейді. Картаны мониторға басқан сайын ақша жеп қоя ма, бірдеңе сияқты. Одан да «көрінгенге жем болмай», сол ақшаны тікелей бізге төлей салмайсыңдар ма?» деп түлен түрткендей тулап кетті. Бір-біріне жұмбақ көзбен қараған жолаушылар да нені меңзеп отырғанын іштей түсінгендей кейіп танытты. Ал тағы бірде қоғамдық көлікке артынып-тартынып мінген жасы алпысты алқымдаған кісі: «Айналайын, сол «Оңай» картаны қалтамнан алып-салудың өзі қиын. Сосын сол ақша бәрібір аузы жеп үйреніп қалған кейбір шенеуніктердің қалтасына түседі. Маған соны өздеріңе төлеген оңай...» деді күмілжіп.   Бұл жолаушының пікірінде елімізде қолға алынған кез келген жаңа жобаның соңы сиырқұйымшақтанып кетеді немесе түбі жемқорлыққа әкеп соқтырады деген астарлы ой жатқандай көрінді. Шынында да, бар кінә өзімізден. Егер жолаушы жолақысын «Оңай» картасы арқылы төлеуге әдеттенсе, кондуктор да, жүргізуші де әлгіндей керілген күйде көпіріп сөйлемейтін еді. Әлгі жолаушы да сенімсіздік танытпас болар. Қазір тіпті алғашқы кезде «Оңай» картасын тұрақты қолданып жүрген жолаушылар да қолма-қол төлеп жүр. Ал қолданысқа енген жаңа жүйені жаппай түрде қолдасақ, қаржы да тиісті орнына жұмсалатын ба еді, кім білсін?! «Оңайды» еңгізудің оңай болмағаны белгілі. Сөйте тұра осы жүйе қаншама көлеңкелі бизнестің бетін ашты. Әкім Алматы секілді үлкен қаланың көлеңкелі табыс көздерін біртіндеп анықтау ісін бастап кетті. Бұл жекелеген кәсіпкерлерге тиімсіз болғанымен, халыққа, мемлекетке пайдалы іс. P.S. ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Алматыдағы электронды билеттеу жобасын енгізу туралы сөзінде «Оңай» оңай болмай шықты» деген еді. Шынында да, оңай болмады. Бірақ «Оңай» электрондық төлем жүйесі қоғамдық көлік саласындағы көлеңкелі ақша айналымын жойып, қала бюджетінің бүйірін толтыратыны анық. Бұған қуанбасақ, ренжудің керегі жоқ.