Астанадағы лифтідегі шабуыл: 5 жасар баланың анасы жауапқа тартыла ма?

Ата-аналарды жауапкершілікке тарту мәселесі ішкі істер органдарының құзырында

Астанадағы лифтідегі шабуыл: 5 жасар баланың анасы жауапқа тартыла ма?
istockphoto.com
415

Қазақстандықтарды елордалық тұрғын үй кешенінің лифтінде болған жантүршігерлік оқиға дүр сілкіндірді. 14 жастағы жасөспірім бес жасар балаға шабуыл жасап, оның бетін пышақпен тілгілеген болатын. Шабуылдаушы мен оның заңды өкілдері жазалануы мүмкін. Ал зардап шеккен баланың ата-анасы жауапкершілікке тартыла ма? Бұл сұрақтың жауабын Tengrinews.kzтілшісі анықтады, деп хабарлады turkystan.kz.

Елордадағы заңгер Данияр Байғабатов лифтіде жалғыз қалған бала үшін ата-анасын жауапкершілікке тарту мәселесі ішкі істер органдарының құзырында екенін түсіндірді.

"Қазіргі уақытта баланың денсаулығына зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқан тергеу органы, егер баланың қамқоршысының әрекеттерінде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 1-бөлігіне ("Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және (немесе) білім беру, оның құқықтары мен (немесе) мүдделерін қорғау, сондай-ақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау") сәйкес әкімшілік құқықбұзушылық белгілері барын анықтаса, қамқоршыға қатысты әкімшілік іс қозғауы мүмкін", – деп түсіндірді заңгер.

Данияр Байғабатовтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда баланы үйде немесе көшеде жалғыз қалдыруға тыйым салатын немесе рұқсат беретін нақты жас шегі заңмен белгіленбеген.

"Дегенмен бұл жерде бір нюанс бар: біз ҚР Азаматтық кодексінің 17-бабына сілтеме жасаймыз. Бұл бап азаматтың құқық қабілеттілігі мен әрекет ету қабілетін анықтайды. Яғни, азамат өз әрекеттерімен азаматтық құқықтарды иеленуге, міндеттерді өзіне алуға және оларды орындауға толықтай 18 жасқа толғаннан кейін ғана қабілетті деп танылады. Осы нормаларды талдай отырып, мен ата-аналардың баланы тәрбиелеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті 18 жасқа дейін жалғасады деп есептеймін", – деді заңгер.

Ата-аналарды жауапкершілікке тарту мәселесі ішкі істер органдарының құзырында.

"Ішкі істер органдары олардың әрекеттерінде әкімшілік құқықбұзушылық құрамының бар-жоғын анықтайды. Сондықтан әр жағдай бойынша ата-ананы жауапқа тартудың қаншалықты негізді екенін нақты айту қиын.

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабында («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау») 10 АЕК мөлшерінде айыппұл (2025 жылы 39 320 теңге) қарастырылған. Бұл жаза баланың ата-анасына, заңды өкілдеріне немесе қамқоршыларына қолданылуы мүмкін", – деп түсіндірді заңгер Данияр Байғабатов.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада тұрғын үйдің лифтінде жасөспірім бес жасар балаға пышақпен шабуыл жасаған еді. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тараған болатын.

Жарақат алған бала ауыр жағдайда №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының жақ-бет хирургия бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер оған шұғыл ота жасап, қазіргі кезде баланың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.

Серіктес жаңалықтары