Батыс Қазақстанда «Жайық» футбол клубы құрылды

Батыс Қазақстан облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі өңірде «Жайық» жаңа футбол клубының құрылғанын хабарлады.
Клубтың құрылтайшылары:
- Дамир Фаатұлы Калаков – кәсіпкер, «Бәйтерек» футзал клубының жетекшісі, клубтың спорттық бағытына жауап береді.
- Асылхан Сүйімжанович Сапиев – жеке кәсіпкер, клубқа демеушілер мен серіктестер тарту жұмыстарын жүргізеді.
Жобаға салынған инвестиция көлемі – 80 миллион теңге, оның ішінде:
- 65 миллион теңге – бұрынғы «Ақжайық» ФК ойыншылары мен жаттықтырушыларына еңбекақы бойынша қарызды өтеуге бөлінеді;
- 15 миллион теңге – екінші лигада ойнауға лицензия алуға жұмсалады.
Жаңа клубтың басты мақсаты:
«Жайық» футбол клубы өңірдегі футболды дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды қолға алады. Негізгі басымдық балалар мен жасөспірімдер футболын жандандыруға бағытталады. Жергілікті спортшылар мен мамандарды тарту – негізгі міндеттердің бірі.
Дамир Калаков, «Бәйтерек» футзал клубын басқарудағы тәжірибесіне сүйене отырып, төмендегідей пікір білдірді:
«Батыс Қазақстан облысында футболдың әлеуеті жоғары. Біз кезең-кезеңімен жаңа деңгейге көтерілетінімізге сенемін. Алда – жаңа жеңістер, жаңа мүмкіндіктер. «Жайық» ФК мықты клубтардың қатарына қосылатынына күмәнім жоқ».
Клубтың жұмысын ашық жүргізу және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету үшін арнайы қадағалау комитеті құрылады. Оның құрамына жас футболшылардың ата-аналары, спорт сарапшылары және жаттықтырушылар кіреді. Бұл комитет басшылықтың қызметін бақылап, кеңес беріп, клубтың даму бағытын қадағалап отырады.
«Жайық» футбол клубы алдына үлкен мақсаттар қойып отыр. Оларды жүзеге асыру бойынша жұмыс қазірдің өзінде басталды. Ақпан айының 17-нен бастап футболшылар толық құрамда биылғы жылдың алғашқы оқу-жаттығу жиынын бастайды.
Алдағы маусымда «Жайық» Қазақстан чемпионатының екінші лигасында өнер көрсетеді. Сонымен қатар, клубтың жастар құрамасы QJ League (Қазақстанның жасөспірімдер лигасы) турниріне қатысуы мүмкін.
Жаңа құрылған футбол клубы бұрынғы ұжым алдындағы барлық қаржылық міндеттемелерді орындап, өңірдегі футболдың тұрақты дамуын қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр.
Жаңа клуб бұрынғы «Ақжайық» ойыншылары мен жаттықтырушыларының жалақы қарыздарын төлеуді өз міндетіне алды.
Айта кету керек, «Ақжайық» футбол клубы 2024 жылы борышкерлер тізіміне енген болатын. Сондықтан клуб мемлекеттік сатып алуларға қатысу құқығынан толық айырылып, нәтижесінде 36 қызметкер 2024 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында жалақысын алмаған. Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің БҚО департаменті мәліметінше, қарыздың жалпы сомасы 65,2 миллион теңгені құрайды.
«Ақжайық» клубының құрылтайшыларына 10 ақпанға дейін демеушілер мен инвесторлар есебінен мәселені шешуге уақыт берілгенімен жағдай реттелмеді. Осыған байланысты облыс әкімдігі жедел шара қарастырып, «Жайық» футбол клубын құру туралы шешім қабылдады.