XII-XIII ғасырларда тұрғызылған бұл нысан ғасырлар бойы жел мен жауынға төтеп бергенімен, соңғы жылдары тозып, жаңбыр мен қар суының әсерінен бүлінген, деп хабарлады turkystan.kz сайты.
Қоғам белсенділері дабыл қаққанымен, ескерткіш сақталмады.
Әлеуметтік желілерде қоғам белсендісі Жылбек Керімбек бұл жағдайдың алдын алу мүмкін болғанын айтып, жауапты мекемелердің немқұрайлылығын сынға алды.
«Бұған дейін талай рет дабыл қақтық. Төбесін жауып, жаңбыр мен қар суынан сақтау қажеттігін айттық. Бірақ шара қолданылмады. Ақыры жауын-шашын дуалдарды мүжіп, мұнараны құлатты. Бұл – біздің тарихи мұрамызға жасалған қиянат», – деді ол.
Мәдениет қайраткері Төреғали Ташеновтің пікірінше, мұнара жөндеу көрмей, сол қалпында тұрған жағдайда әлі де ғасырларға шыдас беруі мүмкін еді.
«Жөндеу жұмыстары дұрыс жүргізілмеді. Төбесі ашық қалды, ал жауын-шашын ғасырлар бойы мызғымаған құрылымды бұзды. Егер ескерткішке мүлде тиіспесе, ол әлі 100 жыл тұрар ма еді?», – деді ол.
Созақ ауданы әкімдігі бұл жағдай бойынша облыстық мәдениет басқармасына шұғыл хат жолданғанын хабарлады.
«Ақбикеш мұнарасы республикалық маңызы бар тарихи ескерткіш ретінде қорғалады. 2020 жылы Қазреставрация мекемесі тарапынан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген болатын. Алайда 2025 жылдың қаңтар айында ауа райының қолайсыздығы салдарынан мұнараның бір бөлігі құлады. Жағдайды зерттеу және тиісті шешім қабылдау үшін облыстық мәдениет басқармасына хат жіберілді», – делінген әкімдік мәлімдемесінде.
Қазіргі таңда тарихи нысанның болашақ тағдырына қатысты нақты шешім қабылданған жоқ. Қоғам белсенділері мен сарапшылар бұл мәселеге жіті назар аудару қажеттігін талап етуде.