Степногорскте жастарды қорқытып, ақша талап еткен 2 күдікті ұсталды
Полицейлердің айтуынша, бопсалаушылар жастарды ақшалай несие, шағын несие алуға мәжбүрлеген, сонымен қатар телефондарын алып қойған.
Ақмола облысы Степногорск қаласында полиция қызметкерлері екі бопсалаушының қылмыстық әрекетін тоқтатты, деп хабарлады turkystan.kz сайты.
Полицияның мәліметінше, топ мүшелері үнемі жергілікті тұрғындарға, оның ішінде жастарға дене жарақатын салып, қорқытып, ақша талап еткен.
Күдіктілер жәбірленушілерді кездейсоқ тапқан. Олар негізінен жергілікті бизнес қызметкерлері, жүк тасушылар немесе дүкен сатушылары болды. Жәбірленушілердің бірі - 24 жастағы қала тұрғыны. Күдіктілер одан 80 мың теңге бопсалаған.
Бүгінгі таңда үш жәбірленуші анықталды. Полицейлердің айтуынша, бопсалаушылар жастарды ақшалай несие, шағын несие алуға мәжбүрлеген, сонымен қатар телефондарын алып қойған.
Бопсалау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу шеңберінде күдікті адамдардың басқа деректерге қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.