Ақтөбеде бүйрегін сатпақ болған ер адамға сот үкімі шықты

Сотқа түскен істе ер адам тірі ағзаны заңсыз саудалады деп айыпталды.

Ақтөбеде бүйрегін сатпақ болған ер адамға сот үкімі шықты
stan.kz
273

Ақтөбе соты өз бүйрегін саудалаған ер адамды шартты түрде бас бостандығынан айырды. Үшінші баласын күтіп жүрген ер адам жазасын бостандықта өтейді, деп хабарлады turkystan.kz сайты stan.kz-ке сілтеме жасап.

Ақтөбе қалалық сотында Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 116-бабы 1-бөлігі (Адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою) негізінде қаралған іске үкім оқылды.

«Ерболат Орынбасаров Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 116-бабының 1-бөлігімен көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 63-бабына сай, тағайындалған жаза шартты деп саналсын», – деді судья.

Бүйрегін 9 миллион теңгеге саудалаған ер адам үкімнен кейін шағым келтіретінін айтты.

Іс материалдарына сүйенсек, өз бүйрегін заңсыз сатпақ болған 27 жастағы ер адам Атырау қаласының тұрғыны. Тұрақты жұмысы жоқ. Кәмелет жасына толмаған екі баласы бар. Әйелі үшіншісіне жүкті.

Сотқа түскен істе ер адам тірі ағзаны заңсыз саудалады деп айыпталды.

Ол ақшаның бір бөлігін алу кезінде қолға түскен еді. Бүйрегін 9 миллион теңгеге бағалап, заңсыз келісім жасаған. 5 миллион теңгені алу кезінде құқық қорғау қызметкерлеріне ұсталды.

Серіктес жаңалықтары