Стэнфорд ғалымдары жасанды интеллект адамға тән ерекше қабілетті игергенін анықтады
Стэнфорд университетінің зерттеушілері жасанды интеллект адамдарға тән «сананы түсіну» қабілетін игергенін анықтады.
Proceedings of the National Academy of Sciences журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, ChatGPT-4 сияқты үлкен тіл модельдері (LLM) адамдардың ойы мен эмоцияларын түсінуге арналған тапсырмалардың 75%-ын сәтті орындаған. Бұл көрсеткіш шамамен алты жастағы баланың мүмкіндігімен бірдей.
Үлкен тіл модельдері – кітаптар, веб-сайттар және басқа дереккөздерден алынған тілдік үлгілерді талдау арқылы мәтіндерді өңдеп, адамға ұқсас жауаптар жасайтын заманауи ЖИ жүйелері. Олардың жұмысы трансформер деп аталатын нейрондық желі архитектурасына негізделген. Бұл желі мәтін контекстін анықтап, сөздер мен сөйлемдердің арасындағы байланыстарды табады.
«Сананы түсіну» қабілеті басқалардың сенімдері, ниеттері, эмоциялары сияқты психикалық жағдайларын түсініп, болжай алуға мүмкіндік береді. Бұл қабілет әлеуметтік өзара әрекеттесудің маңызды бөлігі болып табылады, себебі ол эмпатияны, тиімді қарым-қатынасты және моральдық пайымдауды қамтамасыз етеді. Адамдар бұл қабілетті балалық шақта дамыта бастайды, және ол когнитивті әрі әлеуметтік табыстылықтың негізгі элементі саналады.
Зерттеушілер ЖИ-дің бұл қабілеті күрделі сценарийлерде, мысалы, бірнеше кейіпкер немесе қарама-қайшы сенімдер болған жағдайда қалай көрінетінін зерттеуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, ЖИ жүйелерін әртараптандырылған және күрделі деректер базасында оқыту арқылы бұл қабілеттердің қалай дамитынын түсіну маңызды.
Университет зерттеушісі Михаил Косинский: «Психология ғылымы осындай бейадамдық психологиялық процестердің пайда болуын анықтап, зерттеуге ерекше мүмкіндікке ие. Бұл бізге интеллект туралы түсінігіміздегі бұрын-соңды болмаған өзгерістерге дайындалуға және бейімделуге көмектеседі», – деп атап өтті.
Зерттеу "Үлкен тіл модельдерінің "сананы түсіну" тапсырмаларындағы көрсеткіштерін бағалау" тақырыбында 2024 жылғы 29 қазанда жарияланды.