Қазақстан биыл 6 халықаралық ұйымға төрағалық етті
Қазақстан биыл алты халықаралық ұйымға, атап айтқанда, ШЫҰ, ТМҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ-ға, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына, сондай-ақ Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етті. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли Egemen Qazaqstan газетінде жазды.
«Франциямен бірге Рияд қаласында One Water саммитін ұйымдастырды. Осы жауапты миссияларды еліміз абыроймен атқарып шықты. Жоғары деңгейдегі кездесулерде маңызды бастамалар көтеріп, тиісті құжаттардың қабылдануына ұйытқы болды. Егемен әрі дербес ел ретінде өзінің саяси, экономикалық, әскери қауіпсіздік салаларындағы басымдықтарын ілгерілете түсті.
Жыл басынан бері Мемлекет басшысы Қатар, Әзербайжан, Сингапур, Тәжікстан, Моңғолия, Франция және Мажарстан елдеріне мемлекеттік сапармен, ал Италия, Ватикан, Армения, Түрікменстан және Сербия елдеріне ресми сапармен барды. Мұндағы кейбір елдерге Қазақстан Президентінің соңғы 20 жылға жуық уақыттан кейін алғаш рет сапарлағанын атап өткен жөн. Бұл Мемлекет басшысының жан-жақты ықпалдастыққа баса назар аударатынын аңғартады. Мемлекеттік және ресми сапарлардан бөлек Президент түрлі халықаралық іс-шараларға қатысу үшін 11 елге жұмыс сапарымен барды. Бұдан басқа, елімізге түрлі деңгейдегі сапармен келген 11 шет мемлекеттің басшыларын қабылдап, келіссөздер жүргізді.
Бір жыл ішінде еліміздің бірінші борты 158 983 шақырымды ұшып өтті. Президент ұшақ пен тікұшақта 245 сағат 18 минутын өткізді. Бұл – жер шарын төрт рет айналып шыққанмен бірдей қашықтық», – деп жазды Б. Уәли.