21 жерден пышақтаған: Семейде 22 жастағы жігітті өлтірген тұрғын сотталды
Оқиға жыл басында Үржар ауданында болған
Семейде 22 жастағы жігітті азаптап өлтірген тұрғын сотталды, деп хабарлады turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
«Қылмыскерге аса жоғары жаза берілген жоқ. Біз бірнеше рет талап-өтініш жазғанбыз. Өкінішке қарай, тергеу ісі де, сот тергеу ісі де қанағаттандырмады. Енді біз апелляцияға беріп, ары қарай әділдіктің, шындықтың түбіне жетуге дайынбыз», - деді марқұмның әпкесі Шолпан Мұхамеджанова.
Сұмдық оқиға жыл басында Үржар ауданында болған. Жергілікті тұрғындардың бірі түнде дүкеннің алдында адам өліп жатқанын көріп жедел жәрдем шақырған. 22 жастағы Рахат Райбекті аяусыз пышақтап кеткен. Марқұмның туыстары бір үйдің жалғыз ұлына 21 жерден пышақ салған дейді. Кейін оқиғаға күдікті ретінде жергілікті тұрғындардың бірі ұсталды.
Судья жалған куәгер болғандардың бәрін жауапқа тарту туралы да шешім шығарды. Сондай-ақ әскери комиссариатқа да тексеріс жүргізілетін болады. Себебі қара жамылған отбасы айғақтарды жоюға көмектескендердің барлығын жауапқа тартуды талап еткен. Ал сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтемек.
«Қанат Саматұлы Пұшпақпаев, ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігіне сай қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылсын. ҚР ҚК 46-бабы, 5-бөлігінің 2-тармағына сәйкес, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтесін», - деді сот үкімін оқыған судья Айжан Бесеева.