Сырым Исабаев өнерден не себепті алыстап кеткенін айтты
"Әнді орындағанда біреуге немесе бірнәрсеге тәуелді болмай, жүрегіңдегіні бере алу үшін мына заманда қаражатың болуы керек" дейді әнші
Әнші Сырым Исабаев "1001 түн" бағдарламасына берген сұхбатында өнерден алыстап кету себебін түсіндірді.
Негізі мен бухгалтерлік есеп және аудит мамандығын оқығанмын. Бірақ қосымша вокалдық білімді алып жүріп, өнер ордасына қалай келгенімді өзім түсінбей қалдым.
Осылай жүргенде мамандығымды тастап қоймайыншы деген ой келді. Мен 14 жыл бойы жақсы оқуға тырыстым, арман-мақсат қойдым, соны 10 жылдың көлемінде 70-80 пайызға жүзеге асырдым деп ойлаймын. Халыққа қызмет көрсету кәсібін аштым, екі демалыс аймағын салдым, жасөспірімдерге білім беру және сауықтыру кешенін аштым. Осы бағытта шетелмен де жұмыс істедім. Өнер қандай қызық болса, кәсіп те тура солай қызық. Негізі әнді орындағанда біреуге немесе бірнәрсеге тәуелді, мұқтаж болмай, жүрегіңдегіні бере алу үшін мына заманда қаражатың болуы керек. Сонда ғана арманыңа жетесің, ән жазғанда хит болсын деп жеңіл сөздермен емес, ойыңдағы дүниені беруге тырысасың. Мамандығың бойынша жұмыс істеу іштей үнемі толғандырып жүреді екен", - деді ол.