Марқұм Шерзат Болаттың әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Қаржаубай Нұрымов 10 желтоқсанда бұзақылық және көлік құралдарының қозғалысына кедергі жасау фактісі бойынша ұсталған.

Марқұм Шерзат Болаттың әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды
коллаж: Тurkystan.kz
604

Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Алматы облысының Полиция департаменті мәлімдеді.

Полицияның ақпаратынша, 10 желтоқсанда азамат Қ. Нұрымов бұзақылық және көлік құралдарының қозғалысына кедергі жасау фактісі бойынша ұсталған.

«Қ. Нұрымов қоғамдық орында және полиция қызметкерлеріне қарсы дөрекі сөз сөйледі және оларды пышақпен қорқытты. Сондай-ақ басқа біреудің мүлкіне қасақана зақым келтірді, атап айтқанда, көлікті пышақпен тырнап, дөңгелекті тесіп тастады. Іс-әрекетке тоқталмай, айналасындағыларға, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қауіп төндіре отырып, азаматтардың қоғамдық тәртібі мен тыныштығын бұзуды жалғастырды. Бұзақылық фактісі бойынша сот оған 15 күндік әкімшілік қамауға алуды тағайындады», – делінген хабарламада. 

Сонымен қатар, полиция бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру фактісі бойынша қылмыстық іс тіркеген.

«10 желтоқсанда Еңбекшіқазақ ауданының Азат ауылында болған құқыққа қарсы іс-қимылдар нәтижесінде автомобиль иесіне материалдық залал келтірілгені анықталды. Бұл әкімшілік жауапкершілік шегінен едәуір асады және іс-әрекеттің қылмыстық саралануына әкеп соғады.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау мақсатында жан-жақты, толық және объективті тергеу жүргізілуде», – делінген полиция хабарламасында. 

Еске салса кетейік, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмған еді. Жасөсіпірімнің өлімінен кейін Шерзат Полаттың үйін белгісіз біреулер өртеп кетті. 9 желтоқсан күні Талғардың шетінен Шерзаттың ағасы  Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Осы жайттан соң Шерзаттың ашынған әкесі журналисттердің келуін талап етіп, қолына пышақ ұстап өзіне қол жұмсайтынын айтқаны үшін ұсталған еді. Қаржаубай Нұрымов «Бұзақылық» бабы бойынша сотталып, 15 тәулікке қамауға алынды.

Серіктес жаңалықтары