265
Самарқанда 17 дәрігерге заңсыз аборт жасаған деген айып тағылды
Самарқанда 17 дәрігерге заңсыз аборт жасаған деген айып тағылды
Өзбекстанның Самарқан қаласында заңсыз аборт жасау және жасанды түсік арқылы алынған денелерді перзентхананың крематорийінде өртеуге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Самарқан облыстық прокуратурасының тергеушілерінің айтуынша, №2 перзентхананың 17 дәрігері осы іске қатысты ұсталған.
Тергеу нұсқасына қарағанда, заңсыз аборттар жеке клиникалар мен үйлерде жасалған. Биыл 14 наурызда жеке клиниканың 45 жастағы жетекшісі мен №2 перзентхананың 43 жастағы акушер-гинекологы жеке үйлердің бірінде алты ай жүкті әйелге заңсыз аборт жасаған.
"Екі әйел аборт жасаған соң, денені перзентханадағы крематорийде өртегілері келген. Іс материалдарында жартылай өртенген дененің суреті бар. Екі дәрігерге айып тағылды", - деді облыстық прокуратура тергеушісі.
Дәрігерлер ешқайда кетпеу туралы қолхат тапсырған. Қазір олар жұмысқа қайта кірген. №2 перзентхананың басшысы қамауда отыр.
"Жасанды түсік арқылы алынған денені өртеу үшін қажетті құжаттар рәсімделмеген. Оқиғаның басқа да жайттары сот процесі кезінде белгілі болады", - деді денсаулық сақтау министрілігінің қызметкері.
Еске салайық, Самарқанда дәрігерлер ұсталардан екі апта бұрын Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев елдегі перзентханалардың жағдайы мен медициналық қызметкерлердің бопсалау әрекеттерін сынаған еді.