«Артық салмағы үшін мазақтайды»: Оралда 5-сыныптың оқушысын бес бала соққыға жыққан
Оралда 5-сыныптың оқушысын бес бала ұрып тастаған.
Қыз баланың миы шайқалып, бірнеше жерден денесі көгерген. Қыз бала сыныптастары тарапынан буллиңге де ұшыраған. Оқиға 8 қараша күні қаладағы №20 мектепте болған, деп хабарлады turkystan.kz zhaikpress сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы баланың анасы Әйгерім Зұлқашева айтты.
- Менің қызымды сыныптастары жабылып соққан. Олар оның телефонын тартып алып, бір-біріне лақтырып ойнаған. Сол кезде телефоны бұзылған. Қызымды біреуі итеріп құлатса, екіншілері соққылап, жұлқылаған. Мен қызымды дереу облыстық аурухананың жарақат бөліміне апардым. Дәрігерлер қызымның денесінде соққы іздері барын және миы шайқалғанын растады. Менің қызымның көзі нашар көреді. Оған басынан соққы алуға болмайды. Бірақ балалар қызымды итеріп қалғанда ол желкесінен құлап, басын қатты соққан. Менің қолымда дәрігердің анықтамасы бар. Полицияға, прокуратураға арыз жаздым. Қызымды сыныптастары көзілдірік киетіні үшін, әрі аздаған артық салмағы үшін үнемі мазақтайды екен. Мен мұны буллиң деп есептеймін. Бірақ полиция өкілі қызымның буллиңге ұшырағанын есепке алмай отыр, - деп атап өтті жеткіншектің анасы Әйгерім Зұлқашева.
Оқиғаны БҚО Полиция департаменті растады. Бірақ буллиңге жауапершілік тек 12 жастан басталатынын атап өтті.
- Біз бұл оқиғаны білеміз. Біздің жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторымыз жұмыстанды. Буллиңге қатысты ата-анаға жауапкершілік тек 12 жастан басталады. ҚР Әкімшілік кодексінің 127 бабында көрсетілгендей буллиңге қатысты 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалардың ата-анасына немесе заңды өкіліне әкімшілік айыппұл салу көрсетілген. Ал №20 мектепте болған жағдайда балалар 10-11 жасар. Олардың ісін кәмілетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия қарады, - деп атап өтті БҚО ПД ЖПҚ бастығы Ернар Сұлтанғалиев.
Біз №20 мектептің басшылығына хабарласып көрдік. Өкінішке орай мектеп директоры телефон қоңырауына не хабарламаға жауап берген жоқ.
Ал БҚО бойынша балалар құқығы жөніндегі уәкіл Жанат Нұрмағамбетова қазіргі уақытта Астанада, іссапарда екенін айтты.
Осы оқиғаны қараған кәмілетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия сыныптасына әлімжеттік көрсеткен балалардың мектеп ішілік есепке алу туралы ұсыныс білдіріпті.
Бұған келіспеген Әйгерім Зұлқашева полицяға арыз жазғанын айтты.
Бұған дейін БҚО ПД қаладағы мектептердің бәрін полицияның кезекші бөліміне қосатынын мәлімдеген еді. Ондағы мақсат балалар арасындағы ауыр құқықбұзушылықтың алдын алу әрі балалардың қауіпсіздігін күшейту еді.
- №20 мектепте камералар орнатылған. Оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында мектептегі кәмілетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор ұдайы жұмыс жүргізіп келеді. Бұл оқиғаға қатысты балалардың ата-аналарына ескерту жасалды, - деп атап өтті БҚО ПД баспасөз қызметі.